200 жылда көмек идеясы қалай бизнес-модельге айналды? Әлеуметтік бағыттағы кәсіпкерлік тарихы

30 мая 2025 ~ 9 мин. оқылады
Жаңарған күні: 14 июля 2025
Иллюстрация: рука рисует извилистую линию перьевой ручкой. Линия уходит в горизонт. По линии идут люди в деловых костюмах.
Көрнекілік: Tamyr Platform

Кейінгі 200 жылда әлеуметтік кәсіпкерлік ара-тұра болып тұратын бастамадан дүниежүзілік ауқымдағы қозғалысқа айналды. XIX ғасырдың өзінде Роберт Оуэн жұмысшыларға деген қамқорлықтың мәні таза табыстан кем түспейтінін көрсетіп, өз фабрикасында өз заманынан озық жағдайлар жасады. Содан екі ғасырдай уақыт өткенде экономист Мұхаммед Юнус дәстүрлі несие алу мүмкіндігіне қолы жетпейтін кедейлерге шағын несие беретін Grameen Bank банкін құрды. Бүгінде осы принципті заманауи компаниялар – мысалы, экологияға қатысты жауапкершілікті өзінің бизнес стратегиясының өзегіне айналдырған Patagonia киім бренді жалғап келеді. Бұрын айрықша көрінген мұндай бастамалар қазір қалыпты нәрсеге айнала бастады.

Қазіргі әлеуметтік кәсіпкерлік: сандар мен деректер

Бизнес тек пайда табумен шектелмей, қоғамды өзгертіп, жақсарта алса қайтер еді? Кейінгі онжылдықтарда кәсіпкерлік пайдасы мен әлеуметтік миссияны ұштастыра алады деген идеяны қолдайтындар көбейіп келеді. Сөйтіп әлеуметтік кәсіпкерлік деген құбылыс —  нарық механизмдері кедейлік, теңсіздік, экологиялық дағдарыс сынды мәселелерді шешуге пайдаланылатын тәсіл шықты.

1980 жылдардың басында әлеуметтік кәсіпкерлік феноменінің негізін қалаған ұйымдар саны 100 000-нан аспайтын. Ал 40 жылдан соң бұл сала едәуір ауқымға жетті. Шваб әлеуметтік кәсіпкерлік қоры берген ақпарға сүйенсек, қазір әлемде 10 миллионға жуық әлеуметтік кәсіпорын бар екен. Олар жыл сайын 200 000-дай жұмыс орнын ашып, жиынтық табысы екі триллион долларға жетіп отыр.

Дүниежүзілік экономикалық форумда (WEF) келтірілген деректерге сүйеніп жасалған график
Дүниежүзілік экономикалық форумда (WEF) келтірілген деректерге сүйеніп жасалған график

Әлеуметтік кәсіпорындар – ниша құбылыс емес, экономиканың қуатты бір секторы. Ол сектор киім-кешек индустриясынан ірірек, ал жарнама саласынан екі еседей ауқымдырақ.

Дүниежүзілік экономикалық форумда (WEF) келтірілген деректерге сүйеніп жасалған график
Дүниежүзілік экономикалық форумда (WEF) келтірілген деректерге сүйеніп жасалған график

Әлеуметтік кәсіпкерлік қалай шықты

Әлеуметтік мәселелерді шешуге бизнесті пайдалану практикасы «әлеуметтік кәсіпкерлік» деген ұғым шықпай тұрып-ақ бар еді. Ондай қайраткерлердің алғашқы өкілдерінің бірі философ әрі социалист Роберт Оуэн (1771–1858) болатын. Ол 1800 жылы Шотландияның Нью Ланарк қаласындағы тоқыма фабрикасына басқарушы болып барып, ақырындап өз реформаларын енгізе бастаған.

Роберт Оуэн басқарып тұрған тұста фабрикадағы еңбек жағдайы сол кездегі көп мекемедегіге қарағанда әлдеқайда жақсы болатын: жұмыс күні қысқартылып, 10 жасқа толмаған балалардың жұмыс істеуіне тыйым салынды, санитария жағдайы айтарлықтай жақсарды. Білімге ерекше көңіл бөліне бастады – Оуэн ашқан мектеп дүниежүзіндегі жұмысшылардың балаларына арналған алғашқы мектептердің бірі еді. Ол мектепте сауат ашумен қатар, гигиена, этика және жаратылыстану негіздері де оқытылды. Әлеуметтік саясат аясында халыққа бағасы қалта көтеретін әрі сапасы жақсы тұрғын үй, медициналық көмек және әділ бағамен зат сататын дүкендер ұсынылды. Бұдан бөлек, мәдени өмірге де айрықша мән берілді: ауылда лекциялар, музыка кештері мен спорт шаралары өтетін демалыс орталығы жұмыс істеп тұрды.

Оуэн өз тұжырымын «мінез-құлық қалыптастыру» (formation of character) деп атап, адамның тұлғасын оның ортасы қалыптастырады деп сенетін. Қазір оның фабрикасы ЮНЕСКО  Бүкіләлемдік мұра нысандары қатарына енген.

Роберт Оуэнмен бір мезгілде XIX ғасырдың ортасында Германияда Фридрих Вильгельм Райффайзен (1818–1888) бастаған кооператив қозғалысы дамыды. Райффайзен шағын қалалардың мэрі бола жүріп, майда шаруалардың дәстүрлі банктерге қолы жетпей, өсімқорлардан жоғары пайызбен қарыз алуға мәжбүр болған қиын жағдайын көретін. 1849 жылы ол кедейлерге несиеге астық беретін «Нан кассалары қоғамын» құрды. Ал он бес жылдан кейін, 1864 жылы Хеддесдорфте кооператив мүшелерінің өздері басқаратын алғашқы ауылдық өзара көмек несие кассасын (Heddesdorfer Darlehnskassenverein) ашты.

Бұл идеялар Еуропадағы және әлемдегі кооператив қозғалысының дамуына елеулі ықпал етіп, қазіргі микроқаржыландыру үлгілерінің іргесіне қаланды.

Роберт Оуэн мен Фридрих Райффайзен әлеуметтік кәсіпкерліктің ең танымал бастаушылары саналғанымен, тарихта мұндай істерге үлес қосқан өзге де көрнекті тұлғалар болған. Мәселен, XIII ғасырдың басында францискандар орденінің негізін қалаған Ассизден шыққан Әулие Франциск, XIX ғасырда Англияда алғашқы мейірбике даярлау мектебін ашып, науқастарды күтіп-қараудың прогрессив қағидаларын енгізген Флоренс Найтингейл, XX ғасырдың ортасында Үндістанда «Бунтападдхи» («Жер сыйлау») қозғалысын бастаған Виноба Бхаве сынды көп  тұлға бар.

Ashoka қоры, Мұхаммед Юнустың рөлі және «social business» тұжырымы

«Әлеуметтік кәсіпкерлік» (ағылш. social entrepreneurship) термині 1980 жылдары кеңінен қолданыла бастады. Сол кезеңде америкалық кәсіпкер Билл Дрейтон дүниежүзіндегі әлеуметтік кәсіпкерлерге жүйелі түрде қолдау көрсетіп, қаржыландыруға кіріскен алғашқы жаһандық ұйым – Ashoka қорын құрды. Ashoka әлеуметтік кәсіпкерлікті қоғам мәселелерді шешуге арналған жаңашыл бизнес-модельдерді қолдану деп түсіндіріп, бұл процесте орнықтылық пен ауқым арттыруға баса мән берді.

Сол кезде әлемнің жетекші университеттері – Харвард, Оксфорд, Стэнфорд – әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша арнайы бағдарламалар мен ғылыми зерттеулерді іске қосты. Ал Stanford Social Innovation Review (SSIR) сынды басылымдар бұл тақырыпты ғылыми әрі практикалық жағынан талқылайтын алаңға айналды.

Ashoka қорымен қатар, заманауи әлеуметтік кәсіпкерліктің басты символы және насихаттаушысы деп бангладеш экономист Мұхаммед Юнустің есімі аталады. Ол 1940 жылы Читтагонг қаласында дүниеге келіп, АҚШ-та білім алған. Вандербильт университетінде докторлық дәрежесін қорғаған соң, отанына оралып, экономика профессоры болып жұмыс істеген.

Мухаммад Юнус
Фото: Nick Harrison

1970 жылдары Мұхаммед Юнус өз отандастары көріп отырған кедейлік мәселелеріне нақты шешімдер іздей бастады. Ниеті оң, ынтасы жоғары болғанымен, миллиондаған кедей адам тіпті шағын кәсіп бастай алмайтын – өйткені олардың кепілге қоятын мүлкі де, тұрақты табысы да жоқ, ал банктер ондай адамдармен жұмыс істеуге дайын емес еді.

Сонда Мұхаммед Юнус ешқандай кепілсіз, тек сенімге сүйеніп, қарапайым шарт қойып шағын несие беру идеясын ұсынды. Оның Джобра ауылында жүргізген тәжірибесі сәтті шыққаны сондай, 1983 жылы ол ең кедей топтарға микрокредит беретін Grameen Bank банкін құрды. 2006 жылға қарай банк миллиондаған адамға несие берген, олардың 97% әйелдер болған, ал несиенің 95%-дан астамы қайтқан. Осы еңбегі үшін Юнус пен Grameen Bank 2006 жылы бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына ие болды.

Юнус ауқымдырақ «әлеуметтік кәсіпкерлік» түсінігінен біраз ерекшеленетін «әлеуметтік бизнес» (social business) ұғымын енгізді. Ол өз кітаптарында және жұрт алдында сөйлеген сөздерінде «әлеуметтік бизнес» деген – әлеуметтік мәселені шешуді ғана көздейтін бизнес-модель екенін, ондағы табыс инвесторлар арасында бөлінбей, бизнесті ары қарай дамытуға қайта жұмсалатынын үнемі баса айтатын. 

«Әлеуметтік бизнес деген – бір мақсаттың жетегінде жүретін бизнес, әлеуметтік мәселені шешу үшін құрылған, шығын да келтірмейтін, пайда да әкелмейтін компания. Оның кәдімгі бизнестен ерекшелігі – әлеуметтік бизнеске инвестиция құйғандар бастапқы құйған қаржысын ғана қайтарып алады. Олар инвестиция көлемінен артық ешқандай дивиденд алмайды», – деп жазған Юнус өзінің «Кедейлерсіз әлемді қалыптастыру» (2010) атты кітабында.

Ал «social entrepreneurship» – әлеуметтік бастамалардың алуан түрін қамтитын кеңірек ұғым, оған коммерциялық та, бейкоммерциялық та жобалар кіреді.

Юнус «social business-ке» ерекше назар аударғанымен, оның «нарық + орнықтылық + ауқымды әлеуметтік әсер» формуласы бүкіл әлеуметтік кәсіпкерлік саласының дамуына зор ықпал етті. Сол себепті Grameen Bank әлеуметтік кәсіпкерліктің классикалық үлгісі саналады.

Ashoka қорының қызметі мен Юнус моделі танылғанының арқасында «әлеуметтік кәсіпкерлік» және «әлеуметтік бизнес» ұғымдары БҰҰ, Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қоры және Еуропалық комиссия секілді халықаралық ұйымдарда орнықты даму құралдары ретінде кеңінен талқыланып, қолданылып жүр. Бұл идеялар әлемнің жетекші университеттерінің білім беру және зерттеу бағдарламаларына, ірі бизнес мектептері, корпорациялар мен қорлардың стратегиялық күн тәртібіне де еніп үлгерді.

Әлеуметтік бизнестің дәстүрлі бизнестен не айырмасы бар?

Қарапайым тілмен айтқанда, кәдімгі бизнестің басты мақсаты – пайда табу. Мұндай бизнесте әлеуметтік бағдарламалар, қайырымдылық, экологияға зиянсыз қаптама немесе панажайларға берілетін көмек болуы мүмкін, тек олардың бәрі – қосалқы нәрселер. Мұндай бизнестің өзегінде бәрібір пайда, өсім және бәсекедегі артықшылық тұрады.

Ал әлеуметтік бизнесте бәрі керісінше: басты орында – нақты бір мәселенің шешімін табу, айталық мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесу, қолжетімді білім беру немесе егде жастағы адамдарды қолдау міндеті тұрады. Мұндай кәсіпкер пайда табуға өз ісін орнықты ету үшін ғана ұмтылады. Ол бейкоммерциялық ұйымдар секілді грантқа кіріптар емес, волонтерлер секілді кездейсоқ көмекке сүйенбейді. Оның моделі – нақты нарық жағдайларында жұмыс істейтін, сөйте тұра  қоғамға пайда әкелуді мақсат тұтатын құрылым.

«Әлеуметтік кәсіпкерлер – көбіне қоғамда елеусіз қалатын жандардың атынан тәуекел ететін адамдар. Олар таза қайырымдылық арқылы шешілуі қиын немесе тіпті мүмкін емес мақсаттарды көздейді. Алайда олар пайдаға бола әлеуметтік миссиясынан бас тарта салмақ ойына да қарсы тұра алады. Керісінше, олар екі жақты нәтижеге – әлеуметтік те, қаржылай да – жетуге ұмтылады», – деп жазады Джерр Боши мен Джим МакКлёрг өздерінің Toward a Better Understanding of Social Entrepreneurship атты кітабында.

Бизнес қай кезде әлеуметтік атанады? Patagonia тарихы

Негізін қалаушы:

Patagonia компаниясын 1973 жылы Ивон Шуинар (Yvon Chouinard) есімді альпинист әрі кәсіпкер құрған. Ол 1950 жылдары өзіне қажет альпинистік құрал-жабдықтарды өзі жасай бастаған. Осы хоббиі Chouinard Equipment брендіне, кейінірек сырттағы (outdoor) әрекетке арналған киім мен құрал-сайман шығаратын Patagonia компаниясына ұласты.

Экологиялық миссиясы – әуелден-ақ:

2002 жылы Шуинар компаниялар табысының кемі 1 пайызын экология саласындағы жобаларға бөлуге үндейтін жаһандық 1% for the Planet бастамасын құрғандардың бірі болды. Patagonia жыл сайын табиғатты қорғау, климат өзгеруіне қарсы күрес және биоәралуандықты қалпына келтірумен айналысатын үкіметтік емес ұйымдарды қаржылай қолдап отырады.

Экологиялық бастамалары:

2002 жылы Шуинар компаниялар табысының кемі 1 пайызын экология саласындағы жобаларға бөлуге үндейтін жаһандық 1% for the Planet бастамасын құрғандардың бірі болды. Patagonia жыл сайын табиғатты қорғау, климат өзгеруіне қарсы күрес және биоәралуандықты қалпына келтірумен айналысатын үкіметтік емес ұйымдарды қаржылай қолдап отырады.

Ашықтық пен өндіріс этикасы:

Patagonia орнықты өндіріс пен жеткізу тізбегінің ашықтығы қағидаларын ұстанады. Компания экологияға әсері, еңбек этикасы, фабрикалардағы еңбек жағдайы және көміртек ізі мөлшерін азайту жөніндегі есептерін үнемі жариялап отырады.

Қайта өңделген материалдарды пайдалану:

Patagonia пластик құтылардан, ескі киімдер мен балықшы торларынан жасалған қайта өңделген полиэстерді көп пайдаланады. Сонымен қатар, компания киімді тастамай, күтіп кию әдетін қолдайды. Осы мақсатта ол Worn Wear деп аталатын арнайы сервис ашты – мұнда брендтің киілген киімін тапсыруға не сатып алуға болады.

Компанияны планета игілігіне өткізу:

2022 жылы Ивон Шуинар мен оның отбасы Patagonia компаниясының 100% үлесін Holdfast Collective қоры мен Patagonia Purpose Trust сенімгерлік ұйымына өткізді. Енді компанияның шамамен 100 миллион доллар жылдық табысы климат дағдарысына қарсы күреске жұмсалады.

«Жер – біздің жалғыз акционеріміз. Ол бізге бергенінің өтемін қайтару жолында қолымыздан келгеннің бәрін істеп жатырмыз», – деген еді Шуинар.

Patagonia – әлеуметтік кәсіпкерліктің үлгісі деуге не себеп?

Patagonia табысты бизнес-модельді айқын әлеуметтік және экологиялық миссиямен ұштастырып келеді. Бұл – табысты жаһандық бренд бола тұра, экологиялық мәселелерді шешуге, тұтынушылардың санасын көтеруге және әлемдік деңгейде корпоративтік этиканы өзгертуге болатынын көрсететін мысал.

Әлеуметтік кәсіпкерлікке айтылатын сын

Дегенмен, бұл сынға басқа тұрғыдан да қарауға болады. Мәселен, философ Карл Поланьи ХХ ғасырдың ортасында-ақ экономиканың тек пайда табу процесі емес, әрдайым әлеуметтік тәжірибе болып қала беретінін айтқан. Осы тұрғыдан әлеуметтік кәсіпкерлік – жаңа құбылыс емес, керісінше бизнестің қоғам өмірінің бір бөлігі ретіндегі бастапқы мәніне қайта оралу болмақ.

«Экономика әлеуметтік қатынастарға кіріктіріліп тұрған жоқ, керісінше әлеуметтік қатынастар экономикалық жүйеге кіріктірілген», – деп жазған Поланьи «Ұлы трансформация» атты кітабында.

Apple дүниені «өзгертпек» болған, алайда оны әлеуметтік бизнес деуге бола ма?

Apple компаниясы әуелден өзін «әлеуметтік бизнес» демесе де, сөйте тұра дүниені өзгертуге ұмтылған.

1976 жылы Стив Джобс пен Стив Возняк дербес технологияларға әр адам қол жеткізе алса екен деп армандап, гаражда компьютер құрастыра бастаған. Бұл тәсілде бұрын тек ірі корпорациялар мен мемлекеттік мекемелер ғана пайдаланып келген есептеу қуатына қол жеткізу мүмкіндігін демократияландыру деген әлеуметтік миссия элементі қылаң береді. Олар өз құралын ұсынып, нарықты түбегейлі өзгертсек дейтін.

Стив Джобс держит в руке iPhone
Фото: Matthew Yohe

Джобс «Ғаламда ізім қалса деймін» дегенді жиі айтатын. Ол тіпті жаңа өнімдерді таныстырғанының өзін жай ғана коммерциялық шара емес, мәдени манифеске айналдырып жіберетін: ол техниканы ғана емес, технологиялар адамның жеке болмысының жалғасына айналатын жаңа ойлау үлгісін сататын.

«Бизнес деген – бұл жай ғана ақша табу емес. Бизнес – маңызды нәрсе жасау», – дейтін Стив.

Әрине, Apple – табысты көздеген корпорация әрі оның жұмысының көп аспектісіне (мысалы, мердігер зауыттардағы еңбек жағдайлары) талай рет сын айтылған. Соған қарамастан, компанияның тарихы кәсіпкерлік амбиция қоғамды өзгертсек деген ниетпен (тікелей «әлеуметтік миссия» деп аталмаса да) тығыз байланысты болуы мүмкін екенін көрсетеді.

Жұрт Илон Маскты визионер дейді, алайда ол әлеуметтік кәсіпкер ме?

Илон Маск есімі келешекті өзгерту идеясымен тығыз байланысты. Оның Tesla мен SpaceX компаниялары жай ғана стартап емес, жаһандық – орнықты көлікке көшу және ғарышты отарлау  – мәселелердің шешімін іздеуді көздейтін ауқымды жобалар болып дамыған. Маск өз жобаларын үнемі коммерциялық табысқа ғана емес, миссияға сүйенетін бастамалар қылып ұсынып келеді.

Илон Маск в деловом костюме
Фото: Justin Sullivan / Getty Images

Tesla бастапқыдан-ақ жай ғана автокөлік компаниясы емес, қазба отыннан бас тартуға түрткі болатын катализатор болып құрылған. Маск электромобиль саласының дамуын жеделдету үшін Tesla патенттерін ашық таратып жіберді. Бұл тұрғыдан алғанда оның әрекеттеріне әлеуметтік кәсіпкердің бизнесті жүйелік өзгерістерге жұмсау сынды ұстанымы тән. Сол сияқты, SpaceX – жай ғана турист болып ғарышқа барып-келуді емес, адамзатты көп планетаны жайлай алатын түрге айналдыруды мақсат етіп құрылған компания. Маск өркениеттің аман қалуы жолындағы стратегиялық қадам – Марсты игеру болмақ дегенді көп айтады.

Осы тұста бір сұрақ шығады: ауқымды, амбициялы және «асқақ мақсаттарды» көздейтін бизнесті «әлеуметтік» деп атауға бола ма? Масктың өзіне талай рет – Tesla зауыттарындағы еңбек жағдайынан бастап, әлеуметтік желілердегі өткір мәлімдемелеріне дейін – сын айтылған. Қайткен күнде де оның бизнес-моделінің негізі – инвесторлардың пайда табуы және нарықтағы бәсеке. Дәстүрлі әлеуметтік кәсіпкерлерден айырмашылығы, Маск осал топтармен тікелей жұмыс істемейді және жергілікті әлеуметтік мәселелерді шешпейді.

Маск мысалы көрсетіп отырғандай, қоғамның өмір салты мен ойлау үлгісін өзгертетін ауқымды инновацияларға келгенде, әлеуметтік кәсіпкерлік деген түсініктің шектері шайылып кетеді.

XXI ғасырда әлеуметтік кәсіпкерлік климат дағдарысы, теңсіздік, дәстүрлі институттарға деген сенім азаюы сияқты уақыт сынақтарына жауап беру тәсіліне айналып, коммерциялық қызмет пен адамдарға қамқор болу ұғымдары бір-біріне сыйыспайды деген стереотипті жоққа шығарып келеді. Керісінше, Роберт Оуэн, Фридрих Райффайзен, Мұхаммед Юнус және мыңдаған заманауи кәсіпкердің тәжірибесі көрсеткендей, орнықты бизнес – қоғамды өзгертудің қуатты құралы бола алады. Бұл – кәсіпкерлер қоғам игілігі жолында еңбек ете жүріп, орнықтылық пен парасатты ойлаудан бас тартпайтын балама жол.