Ағылшын тілін үйретуге арналған қазақстандық стартап Duolingo басып озып, App Store басына шықты

1 желтоқсан, 2025 ~ 1 мин. оқылады
Девушка с телефоном
Сурет: Tamyr Platform

Жас қазақстандық Aleem стартапы — жасанды интеллект арқылы ағылшын тілін үйренуге арналған қосымша — App Store-да Қазақстанда көшіріп алу саны жағынан бірінші орынға шығып, әйгілі Duolingo-ны басып озды.

Aleem қосымшасы көршілес елдерде де үздік рейтингтерге енді: Қырғызстанда — бірінші орын, Тәжікстанда — екінші, Түрікменстанда — алтыншы орын, ал Өзбекстан мен Ресейде үздік он және жиырма қосымша қатарына кірді.

Әзірлеушілер бұл нәтижеге инвестициясыз, ауқымды жарнама кампаниясынсын жүргізбей әрі үлкен командасыз — тек өз күшімен және идеяға деген сенімінің арқасында жеттік дейді. Олардың айтуынша, жоба алғашында ағылшын тілін үйренуге арналған ақылды көмекші жасауды көздеген шағын эксперимент болып басталған, ал қазір ол аймақтағы ең танымал білім беру қосымшаларының біріне айналды.

Қосымша тегін және сөйлесу, жазу, сөздік қорды дамыту машықтарын жаттықтыруға көмектеседі. Әзірлеушілер енді жаңа — әлемдегі үздіктер қатарына кіру деген мақсат қойып отыр. Команда өнімді үнемі жетілдіріп, жаңа функциялар қосып, мамандарды тартып келеді. Қазір қосымшаны 600 мыңнан астам адам көшіріп алған.