«Аналар көмекке келеді» жобасы мен Tamyr Platform қолдауының арқасында алты әйел банктегі қарызын өтеу жолын бастады

18 наурыз, 2026 ~ 1 мин. оқылады
Дереккөз: Tamyr Platform
Дереккөз: Tamyr Platform

Tamyr Platform 2025 акселераторының жеңімпазы – «Аналар көмекке келеді» жобасы Орал қаласындағы алты әйелге қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізіп, банктер алдындағы қарыздарын өтеуді бастауға көмектесті. Бастама қиын өмірлік жағдайға тап болған әйелдерге клиниң қызметі арқылы жұмысқа орналасу мүмкіндігін ұсынады.

Грант бағдарламасының үш айы ішінде «Аналар көмекке келеді» жобасының командасы клиниңге арналған кәсіби техника – бу генераторлары, құрылыс шаңсорғыштары – және тазалау құралдарын сатып алды. Заманауи жабдықтың арқасында 200-ден астам тапсырыс орындалып, қатысушы әйелдердің еңбек жағдайы едәуір жеңілдеді.

Алты әйел кезең-кезеңімен қарыздарын өтей бастады. Желтоқсан айының өзінде ғана жоба 28 ананы жұмыспен қамтыды.

Tamyr Platform арқасында табыс таба бастадым және қиын қаржылық жағдайдан шығуға мүмкіндік алдым. Ең бастысы – бұғатта тұрған банк шотымды қайта аштыра алдым. Бұл мен үшін үлкен алға басу болды. Жоба маған қолдау беріп, өзіме деген сенімді күшейтті әрі өмірімді өзгертуге нақты құралдар ұсынды. Осындай маңызды бастама жасап, бәрін жаңадан бастауға мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға алғыс айтамын, – дейді «Аналар көмекке келеді» жобасының қатысушысы Данагүл.

Жобаның негізін қалаушы Ғалия Бекқожиева алдағы уақытта командаға арналған техникалық жабдықты одан да күшейтіп, қызмет сапасын арттыруды жоспарлап отырғанын айтты. Бұл қатысушы әйелдерді тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Tamyr Platform акселераторы 2025 жылғы қазанда EA Charity fund корпоративтік қорының қолдауымен өтті. Резиденция финалына он команда өтіп, олар жалпы сомасы 66 млн теңгелік гранттардың иегері атанды.