Астанада Орталық Азиядағы Solana базасындағы алғашқы экономикалық аймақ іске қосылды

1 июня 2025 ~ 1 мин. оқылады
Жаңарған күні: 14 июля 2025

2025 жылғы 28 мамырда Астанада Solana блокчейн-платформасы базасындағы Орталық Азиядағы алғашқы экономикалық аймақ – Solana Economic Zone Kazakhstan (SEZ KZ) іске қосылды. Бұл оқиға Astana International Forum 2025 қарсаңында өтті.

Фото: gov.kz
Фото: gov.kz

Solana Foundation, Intebix және Forma қолдауымен ұйымдастырылған кездесу мемлекеттік органдар өкілдері, халықаралық сарапшылар мен жаңа буындағы интернет – Web3 экожүйесі көшбасшыларының басын қосты.

«Біз тұрақты әрі бәсекеге қабілетті цифрлық орта қалыптастыруды көздейміз. Solana Economic Zone сынды жобалар бізге активтерді токендеуден бастап, Web3 саласындағы кадр әлеуетін арттыруға дейінгі жаңа тәсілдерді сынап, енгізуге мүмкіндік береді», – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев жобаның іске қосылуына қатысты айтқан сөзінде.

SEZ KZ арнайы экономикалық аймақ ретінде жұмыс істеп, Solana платформасы базасында құнды қағаздар, алтын және жылжымайтын мүлік сынды активтерді токендеу мүмкіндіктерін ұсынады. AIX биржасымен, Jupiter агрегаторымен және Interbix платформасымен әріптестік аясында дәстүрлі IPO (AIX арқылы) мен блокчейнде токенделген формада қосарлы листинг мүмкіндігі қарастырылған.

Сонымен қатар, кездесу қорытындысы бойынша Web3 саласындағы таланттарды қолдауды көздейтін, университеттер және Astana Hub-пен серіктесе іске асатын білім беру бағдарламасы іске қосылып, әлемдік Web3 стартаптарын тарту жоспарланды.