
Tamyr Platform акселераторы мен EA Charity fund қайырымдылық қорының гранттық қолдауы аясында Астанадағы ORLEU дамыту және тренинг орталығын дамыту жобасы аяқталды. Гранттың арқасында орталық жұмыс бағыттарын едәуір кеңейтіп, мамандар құрамын күшейтіп, психикалық ерекшелігі бар балалар мен олардың ата-аналарына арналған жаңа білім беру өнімдерін іске қосты.
2025 жылғы қарашадан бастап орталықта даму ерекшелігі бар балалардың оқып-үйренуіне әрі күнделікті өмірге бейімделуіне көмектесетін жаңа бағыттар ашылды.
Қазір ORLEU орталығында:
Әр бағыт ұсақ моторика мен зейінді жақсартудан бастап, дербестік пен қарым-қатынас дағдыларын қалыптастыруға дейін нақты міндеттерді шешуге арналған.


Қазірдің өзінде робот техникасы сабағына шамамен 20 бала, қыш өнеріне — 10 бала, музыка мен шығармашылық сабақтарына — 9 бала, ал әлеуметтік-тұрмыстық дағдылар бағдарламасына — 10 бала қатысып жүр. Жаңа бағыттар ашылғаны орталықтың ай сайын шамамен 20 жаңа оқушыны қамтуына мүмкіндік берді. Болашақта бағдарламалар жылына 100-ден астам қамқорлықтағы баланы қамти алады.
Жоба барысында ORLEU мамандары озық әдістемелерді оқып-үйренді. Атап айтқанда, психикалық ерекшелігі бар жасөспірімдердің әлеуметтік дағдыларын дамытуға арналған PEERS бағдарламасы және мүгедектігі бар әрі ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың ата-аналарын қолдауды көздейтін Triple P позитив ата-ана бағдарламасын игерді.
Орталық мамандары Triple P бағдарламасына сүйеніп видеосабақтар жазып, әдістемелік құрал да дайындады. Жақын арада ORLEU мамандары ата-аналарды оқытып-үйретуді онлайн және офлайн форматты қатар ұштастырып іске қосуды жоспарлап отыр. «Позитив ата-ана» бағдарламасына қатысу ата-аналарға балалардың дамуын, мінез-құлқын, қарым-қатынасын және ортаға бейімделуін жақсартуға көмектеседі әрі қымбат офлайн сабақтарға кететін шығынды азайтады деген үміт бар.
Жобаны дамытудағы маңызды қадамдардың бірі — орталықтың жеке ORLEU сайты ашылғаны. Сайт орталық қызметтері туралы ақпарат жинақталған бірыңғай алаңға айналды. Мұнда сабақтарға жазылуға болады, ал болашақта онлайн курстар мен оқу материалдары да қосылмақ. Бұдан бөлек, сайт жобаны Астанадан тыс өңірлерге де кеңейтуге мүмкіндік берді.
Tamyr Platform 2025 акселераторында он команда жеңімпаз болған. Жеңімпаздар қатарында қазақша ым тіліне аударма жасайтын SignBridge жобасы, «Дара Бала» логопедия орталығы және «Трансформа» тәуелсіз театры бар.