Қазіргі балалардың қолында гаджеті бар, кез келген ақпаратты тауып, оқып, көре алады. Ақпаратты қабылдау бөлшек-бөлшек болып кетті: қысқа видеолар көріп, суреттерді парақтап, ойлану мен түйсіну азайды. Балалар кітап оқымай барады, оның артынан бірдеңені түсініп, байыбына бару әдетінен де айырылып келеді. OYLA командасының балалардың баспа басылымдар мен ғылымға деген әуестігін оятсақ деген идеясына осы жағдай себеп болған.
Әңгіме балаларды олимпиадаға даярлау не асқақ технологияларды меңгерту жөнінде болған жоқ. Жай ғана балалардың білсем деген әуестігін арттырып, ойлана алатын, сұрақ қойып, тұжырым жасай алатын болса деген. OYLA ғылыми-көпшілік журналының негізін қалаушы Ердос Төлегенов жобаның мақсаты туралы былай дейді: «Кезінде өзіміз отыра қалып, “Квант” не “Юным техник” журналдарын парақтап: «Мына формула неге керек екенін енді түсіндім» деуші едік қой. Біздің мақсатымыз – қазіргі балалар да солай дегені».
Сөйтіп Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлік үлгісіне айналған журнал шықты. Бір жағынан – анық қоғамдық міндеті бар: сапалы STEM-контентті (Science, Technology, Engineering, and Mathematics) оқушыларға, мұғалімдер мен ата-аналарға жеткізіп отыр. Енді бір жағынан – орнықты бизнес-моделі бар: өзін-өзі ақтап келеді, жазылымдары бар, франшиза алып-беріп, корпоратив серіктестіктер құрып отыр.
Асықпайтын, алаңдатпайтын, байыппен ғана ұғынықты етіп түсіндіріп беретін «мұғалім» болу.
Мектептегі мұғалім 40 минут сабақта тақырыпты ашып түсіндіруге үлгермей жатады, – дейді Ердос.
Команда STEM-пәндерден жақсы контент тапшылығы, қазақша және екі тілде шығатын материалдар тапшылығы, мектептегі формулалар мен шынайы өмір арасындағы айырмашылық сынды бірнеше мәселені қатар қамтып, шешу жолында жұмыс істеп жатыр. OYLA оқу теориясын практикаға ұштастыруға сеп болып келеді.
Сапалы контент шығару оңай емес. Қиын тақырыптарды балалар түсінетіндей етіп бейімдей алатын кадрлар жетіспейді. Кітап, газет-журнал оқу мәдениеті әлсіреп барады. Тағы бір қиындық – орыс тілінен қазақшаға аудару: мәтінді сөзбе-сөз жеткізу аз, тереңдігі мен нақтылығын сақтау керек.
Техникалық сынақтар да қосылды. Жақсы көрнекілік бағасы кәдімгісінен үш есе қымбат шығады. Оның үстіне, ғылыми нақтылық пен ұғынықтылық арасында да пышақтың қырындай ғана баланс бар. Оңайлату – оңай, алайда күрделі тақырыпты мағынасыз сөйлемдер мен суреттер жиынтығына айналдырып жіберуден сақ болу керек.
Алдағы жоспар – журналдың цифрлық нұсқасын шығару, подкаст, видео түсіру. Әйтсе де журнал редакциясы қағаздан бас тартпақ емес. Қолға ұстап отырып оқитын журнал ештеңе алаңдатпайтын, бар зейінің оқып отырған нәрсеңде болатын жайлы, фокус кеңістігін құрады.
Қағаздан бас тартпаймыз – ол тыңқылдап келе беретін хабарламаларға алаңдамай «тыныш» отырып оқитын жайлы кеңістік іспетті, – дейді Ердос.
Әйтсе де, әр бала түсінікті де сапалы оқу материалдарына қол жеткізе алса, қоғам қалай өзгерер еді деген сұраққа Ердос былай деп жауап берді:
Миф азайып, инженерлер мен дәрігерлер көбейер еді, саяси дискуссиялар байыптырақ болар еді. Фактілерді тексере алатын адамдар манипуляцияға бой бермейді, пайдалы нәрселерді көбірек жасайды.
OYLA – әлеуметтік миссия мен орнықтылықты ұштастырып, пайдалы контент жасап, оған қоса оқырманыңды құрметтеуге де болатынының жарқын үлгісі. Балаға саусақ безеп сабақ үйретпейді, бірден қағып алатындай қылып түсіндіреді. Бастысы – мына дүние қалай құрылған дегенге әуестенуді үйретеді.
Қазір журнал 5000 дана таралыммен, қазақ және орыс тілдерінде шығып, Қазақстанның 1500 мектебі мен кітапханасына тегін таралып жатыр. Мұғалімдер сабаққа керек деп PDF-нұсқасын сұратып жатса, балалар «өз» OYLA журналының суретін салып, редакцияға жолдап жатады. Ердостың айтуынша, жоба шынымен тиімді жұмыс істеп келе жатқанының басты өлшемі – осы болса керек.