
Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстанның бастамасымен 2026 жылды Халықаралық волонтерлер жылы (International Year of Volunteers, IVY 2026) деп жариялады. Мұндай шешімге волонтерлік орнықты дамудың және жаһандық деңгейдегі әлеуметтік байланыстарды нығайтудың негізгі факторларының бірі деп танылсын деген ниет себеп болған.
БҰҰ Халықаралық волонтерлер жылын әлеуметтік саладағы еріктілердің жұмысына, гуманитарлық көмекке және дағдарыстарға жауап қатуға жұрт назарын көбірек аударту жолында пайдаланбақ. БҰҰ сондай-ақ волонтерлер денсаулық сақтау, білім беру, экология, гуманитарлық көмек және әлеуметтік қорғау салаларында аса маңызды міндет атқарып жүргенін баса көрсетіп отыр.
IVY 2026 аясында еріктілер бастамаларын дамытуды, тәжірибе алмасып, мемлекеттер, азаматтық қоғам мен жекеменшік сектор арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін халықаралық және ұлттық іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Жастарды көбірек қатыстырып, цифрлық ортада волонтерлік мүмкіндіктерін кеңейтуге де айрықша мән берілмек.
2026 жылды Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялау идеясын БҰҰ Бас ассамблеясының 75-сессиясында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған. Бастама мінберден айтылып, артынан резолюция түрінде ұсынылды да, оны әлемнің түрлі аймақтарындағы ондаған елдің өкілі қолдады.