Әлеуметтік кәсіпкерлік кедейліктен бастап теңсіздікке дейінгі нақты мәселелерді шешуді көздейтін идеяларды біріктіреді. Ал осы идеялардың артында нақты адамдар мен жобалар тұр. Олардың арасында – кедейлерге арналған микрокредит беру жүйесінің авторы, аяқ киім сатып әперуді балаларға көмектесу тәсіліне айналдырған кәсіпкер және жұрттың сауат ашуына қолдау жасаған кітап платформасын ашқан бастамашылар бар. Бұл идеялардың көбі әуелде тым оғаш не аңғал көрінгенімен, жаһандық өзгерістердің негізіне айналған да – солар.
Америкалық әлеуметтік кәсіпкер және әлеуметтік инновациялар саласының эксперті
Билл Дрэйтон әлеуметтік кәсіпкерліктің пионері саналады. Оның Ashoka ұйымы 90-нан астам елде 3 800-ден астам әлеуметтік кәсіпкерді қолдап, оларға әлеуметтік проблемаларды шешуді көздейтін жобаларын іске асыруға көмектесіп келеді.
Билл Дрэйтон 1943 жылы АҚШ-тың Нью Йорк қаласында дүниеге келген. Брин-Мор колледжінде (Bryn Mawr College) бакалавр дәрежесін алып, кейін Харвард университетінде оқып, Харвард құқық мектебінен (Harvard Law School) заң ғылымдарының докторы (JD) дәрежесін алған.
Ол «әлеуметтік кәсіпкер» терминін алғаш енгізіп, әлеуметтік мәселелерді шешуде инновациялық тәсілдерді қолданатын адамдарға назар аудара отырып, сол идеяларды кеңінен таратуға үлес қосқандардың бірі саналады.
Ashoka ұйымын құру деген идея Билл Дрэйтон 1960 жылдары, студент кезінде Үндістанды аралап жүрген сапарында туған екен. Калькуттада тағылымдама өтіп жүргенде ол шектеулі ресурстары бар елдердегі әлеуметтік мәселелер қаншалық тамыр жайып кеткеніне әрі сол проблемаларды не мемлекет, не қайырымдылық ұйымдары тиімді шеше алмай жатқанына таңданды. Билл тек бастамашыл әрі стандарттан тыс ойлайтын адамдар – мұғалімдер, заңгерлер, экологтар, дәрігерлер, инженерлер сияқты қоғам белсенділері іске кіріскенде ғана шынайы өзгеріс болатынын байқады. Бұл адамдар кәдімгі кәсіпкерлерге ұқсайтын, тек олар бас пайдасын емес, қоғамға игілік жасауды көздеп еңбек ететін. Сол кезде-ақ Дрэйтон: «Осындай көшбасшыларды – кейін өзі “әлеуметтік кәсіпкерлер” деп ат қойған адамдарды – қолдайтын жүйе құрса қайтер екен?» деген ойға келді.
1980 жылы Дрэйтон McKinsey & Company консалтинг компаниясында және АҚШ Қоршаған ортаны қорғау агенттігінде жұмыс істеп, біраз тәжірибе жиғаннан кейін Ashoka ұйымын құрды. Ұйым атауын ол б.з.д. III ғасырда Үндістанды билеген, қанқұйлы соғыстардан кейін буддизмге бет бұрып, бар ғұмыры бейбітшілік, әділет және әлеуметтік реформалар жолына арнаған Ашока императорының құрметіне қойған.
Дрэйтон ең әуелі әлеуметтік шындықты түбегейлі өзгерте алатын – көмектесіп қана қоймай, өз қауымдарында «ойын ережесін» жүйелі түрде өзгерте алатын көшбасшыларды іздеуге кірісті. Алғашқы он стипендиатты – «Ashoka Fellows» –Үндістаннан таңдап, кейін бұл бастаманы өзге елдерге де таратты.
Бастапқыда Ashoka ұйымы жеке донорлар мен шағын қорлардан алынған гранттар есебінен жұмыс істеген. Ұйымның басты мақсаты – әлеуметтік кәсіпкерлерді тауып, оларды қолдау: оларға шағын қаржылай стипендия (негізгі жұмысын уақытша қойып, өз идеясын іске асыруға толық кірісе алсын деп) беру, кәсіби қолдау мен халықаралық желілерге қол жеткізуіне мүмкіндік беру.
Ashoka енгізген басты инновациялардың бірі – қатысушыларды таңдау тәсілі болды. Дрэйтон қатысушылардан жаңа идея, кәсіпкерлерше ойлау қабілеті, креатив, этикаға адалдық және ауқымды әсер ету әлеуетін талап ететін қатаң критерийлер жасап қойды. Сол тәсілдің арқасында Ashoka «жақсы бастамаларды» қаржыландырып қана қоймай, мектептегі білім беру, кедейлікпен күрес, медициналық көмектің баршаға ашық болуы немесе әйелдер құқығы сынды салаларда тұтас жүйелерді өзгерте алатын идеялар мен адамдарды анықтап, іріктей алатын.
Ashoka ұйымы жай ғана қаржы бөліп таратумен шектелмей, қолдау экожүйесін қалыптастырады: оқытып-үйретеді, тәлімгерлік қолдау береді, жобаларды кеңейтуге көмектеседі, бизнес және коммерциялық емес ұйымдармен байланыс орнатуға септеседі. Ashoka – әлеуметтік кәсіпкерлікті бизнес, саясат немесе ғылым секілді кәсіби салаға айналдырған әлемдегі алғашқы ұйым.
Билл Дрэйтон Ashoka-ның ұранын: «Everyone a Changemaker» – «Әр адам өзгеріс жасай алады» деп тұжырымдаған. Ол қазіргі заманда шынайы өзгерістерді тек жеке-дара генийлер емес, идеясы, құлшынысы және қолдауы бар кез келген адам жасай алады деп сенеді.
Бірнеше университет, оның ішінде Брин-Мор колледжі мен Бостон университеті Билл Дрэйтонның әлеуметтік инновация саласындағы еңбегін бағалап, құрметті доктор дәрежесін берген.
2007 жылы Forbes журналы оны әлемдегі жетекші әлеуметтік кәсіпкерлер қатарына қосып, «Жыл адамы» атағын берді. Ол сондай-ақ инновациялық жобалары мен қоғамға қосқан үлесі бағаланып, «генийлерге арналған грант» деген аты бар МакАртур сыйлығының да лауреаты болған. Оған қоса Дрэйтон орнықты даму және әлеуметтік өзгерістер саласындағы көшбасшылығы үшін Генри Дэвид Торо сыйлығын, сондай-ақ бейбітшілік пен әлеуметтік әділетті ілгерілеткені үшін Ротари Интернешнл сыйлығын да иеленген. Жаһандық деңгейде де әжептәуір танылып, мойындалған жайы бар: Дрэйтон Дүниежүзілік экономикалық форумның әлемдік өзгеріс көшбасшылары қатарына енген және форум сессияларында бірнеше мәрте сөз сөйлеген.
Бангладештен шыққан экономист әрі әлеуметтік кәсіпкер
Мұхаммед Юнус халықтың ең кедей топтарына микрокредит беруді көздейтін Grameen Bank банкін құрған, микрокредит беру пионері саналады. Юнус 1940 жылғы 28 маусымда Британдық Үндістан құрамына кіретін Читтагонг қаласында (қазіргі Бангладеш) дүниеге келген. Дакка университетінде білім алып, кейін АҚШ-та оқуын жалғап, Вандербильт университетінде экономика ғылымдарының докторы дәрежесін қорғады.
1983 жылы Мұхаммед Юнус негізінен халықтың кедей топтарына, әсіресе әйелдерге кепіл және кепілгер сұрамай микрокредит беретін Grameen Bank банкін құрды. Банк сенім, ортақ жауапкершілік және қауымды қолдау қағидаттарына сүйеніп жұмыс істейді. Осы модель миллиондаған адамға іс бастауға, өмірінің сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік беріп, әлемнің көп еліне үлгі болды.
Кедейлікпен күреске қосқан үлесі үшін Юнус пен Grameen Bank 2006 жылы бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына ие болды. Қызмет жолы бойында ол 26 елден жүзден аса халықаралық марапат алған. Солардың қатарында: қоғамдағы көшбасшылығы үшін – Рамон Магсайсай сыйлығы (1984), азық-түлік қауіпсіздігіне қосқан үлесі үшін – Халықаралық азық-түлік сыйлығы (1994), ЮНЕСКО Симон Боливар атындағы халықаралық сыйлығы (1996), келісім үшін – Астурия ханзадасының сыйлығы (1998), сондай-ақ Сидней мен Сеул бейбітшілік сыйлықтары бар.
Сонымен қатар, Мұхаммед Юнус – 27 елдің, соның ішінде Ұлыбритания, АҚШ, Жапония және Үндістан университеттерінен 71 құрметті доктор дәрежесін алған. 2009 жылы АҚШ президенті Барак Обама Юнусқа елдің ең жоғары азаматтық марапаттарының бірі – Президенттің Еркіндік медалін табыс етті. 2010 жылы бұл марапаттар қатарына АҚШ Конгресінің Алтын медалі қосылды.
Fortune журналы Мұхаммед Юнусты «Қазіргі заманның 12 ұлы кәсіпкері» қатарына қосып, оның әлеуметтік миссияға сүйенетін кәсіпкерлікке әкелген жаңашылдығын атап өтті. 2008 жылы Техас штатының Хьюстон қаласы оның жетістіктері мен әлемдік қауымдастыққа тигізген ықпалын мойындап, 14 қаңтарды «Мұхаммед Юнус күні» деп жариялады.
Америкалық кәсіпкер және әлеуметтік активист
Блейк Майкоски құрған TOMS Shoes компаниясы «біреуін сатсаң – біреуін сыйла» (One for One) деп аталатын, коммерциялық табысты қайырымдылықпен ұштастырған бизнес-моделімен танымал болды. Майкоски 1976 жылғы 29 шілдеде АҚШ-тың Орегон штатындағы Портленд қаласында дүниеге келген, Орегон университетінде білім алып, маркетинг және коммуникация мамандықтарын оқыған.
Майкоскидің бір жұп аяқ киім сатылған сайын тағы бір жұпты мұқтаж балаларға тегін беру идеясы Аргентинада саяхаттап жүргенде туған екен. Блейк көп бала жалаңаяқ жүргенін және содан олардың денсаулығына зиян тиіп жатқанын байқайды. 2006 жылы Майкоски әлеуметтік кәсіпкерлікті бұқаралық бизнеске енгізген алғашқы компаниялардың бірі – TOMS Shoes компаниясын ашты. TOMS Shoes тез танымал болып кетіп, миллиондаған жұп аяқ киім сатып, бүкіл дүниежүзінде миллиондаған балаға тегін аяқ киім үлестірді.
2007 жылы, құрылғанына бір жыл өткен соң, компания Смитсон институтының Купер-Хьюитт Ұлттық дизайн музейінің People’s Design Award сыйлығын иеленді.
2009 жылы Майкоски мен TOMS АҚШ-тың корпоративтік әлеуметтік жауапкершілікті үлгі еткен компанияларға берілетін мемлекеттік марапаты – Корпоративтік жетістік сыйлығына (ACE) ие болды.
2011 жылы Fortune журналы Майкоскиді «40 жасқа толмаған 40» үздік жас кәсіпкерлер тізіміне енгізді.
2013 жылы USA Today оны «Әлемдегі бес үздік коммуникатор» қатарына қосты, ал Халықаралық СПА қауымдастығы (ISPA) оның қайырымдылық қызметін мойындап, Гуманитарлық сыйлығының иегері атады.
2015 жылы Харвард университетінің Т.Х. Чан атындағы Қоғам денсаулығын сақтау мектебі Майкоскидің көшбасшылығы мен «денсаулық – адамның негізгі құқығы» деген идеяға адалдығын мойындап, оған Next Generation Award сыйлығын табыс етті.
2016 жылы ол брендін инновациялық жолмен пайдалану арқылы қоғамға оң ықпал ететіндерге берілетін Cannes LionHeart Award сыйлығына ие болды.
Майкоски People журналының «Арамызда жүрген батырлар» тізіміне еніп, 2011 жылы ABC News оны «Апта адамы» деп таныды.
Америкалық кәсіпкерлер және орнықты даму мен әлеуметтік жауапкершілік саласындағы активистер
Хавьер Хельгесен, Кристофер Фукс пен Джефф Курцман АҚШ-тың Индиана штатындағы Нотр-Дам университетінде оқып жүргенде танысқан. Үшеуі де кітап оқуға, білімге құштар екені, әлеуметтік жауапкершілікке қызығатыны олардың ортақ жобасының басталуына түрткі болды.
2000 жылдардың басында жас кәсіпкерлер коммерциялық қызметті әлеуметтік және экологиялық мәселелерді шешумен қалай ұштастыруға болатынын ойластыра бастады. Олар жұрт оқып қойған кітаптарын бекер тастап жатқанына, ал дүниенің түкпір-түкпірінде адамдардың білім ресурстарына қол жеткізе алмай отырғанына назар аударады.
2002 жылы Хавьер Хельгесен, Кристофер Фукс пен Джефф Курцман оқылған кітаптарды сата жүріп сауатсыздықты жою және кітапханаларды қолдау бағдарламаларын қаржыландыратын Better World Books интернет-дүкенін іске қосты. Компания кітаптарды қайырымдылыққа, дүкендер мен кітапханалардан жинап алып, кейін оларды онлайн сатады және табыстың бір бөлігін қайырымдылыққа жұмсайды.
Better World Books миллиондаған кітапты және қомақты қаражатты халықтың сауат ашуын қолдауға жұмсап отыр. Сондай-ақ компания кітаптарды қайта өңдеу бағдарламалары арқылы экологияға қамқор болуға да ерекше мән береді.
2019 жылы Better World Books жауапты тұтыну мен өндіріс саласындағы үлесі үшін The Index Project сыйлығының «Ойын және оқу» номинациясына ұсынылды. Бұл олардың бизнес-моделінің инновациялығы мен әлеуметтік маңызын тағы бір танытты.
Сонымен қатар, Better World Books әлеуметтік және экологиялық жауапкершілік бойынша жоғары стандарттарға сәйкестігін растайтын B Corporation сертификатына ие болды.
2015 жылы компания Investopedia нұсқасы бойынша «Ең табысты 10 әлеуметтік кәсіпкер» тізіміне еніп, сол тізімде Мұхаммед Юнус пен Блейк Майкоски сияқты танымал тұлғалардың қатарынан орын тепті.
Better World Books жобасының табысынан кейін Хавьер Хельгесен шалғай аудандардағы үй шаруашылықтарына сарқылмайтын энергия жеткізетін Off Grid Electric компаниясының тең құрылтайшысы болды.
Кристофер «Крис» Фукс қазір клиенттерге Amazon Web Services қызметтерін қолдануға көмектесетін Trek10 компаниясында операциялық директор (Chief Operating Officer) қызметін атқарып жүр.
Ал Джефф Курцман – дамушы елдерде нәресте өлімін азайту үшін бағасы қолжетімді инкубаторлар ұсынатын бейкоммерциялық Operation Incubation ұйымының тең құрылтайшысы. Бұған дейін ол Непалдан АҚШ-қа қолдан жасалған бұйымдарды жеткізумен айналысатын Aid Through Trade компаниясында бас директор (CEO) болған.
Британ өнертапқыш әрі әлеуметтік кәсіпкер
Марк Коска бір-ақ рет қолдануға жарайтын, өздігінен бұғатталып қалатын (қолданғаннан кейін поршень жүрмей қалады не/және ине корпус ішіне қарай кіріп кетеді, сөйтіп оны қайыра қолдану мүмкін болмай қалады) K1 шприцін ойлап тапқан. Бұл өнертабыс медициналық инелерді қайыра қолданудан инфекция таралуы қаупін едәуір азайтты. Ол 1961 жылғы 14 наурызда Англияның Борнмут қаласында дүниеге келіп, Бакингемшир графтығындағы Stowe School мектебінде білім алған.
1984 жылы Кариб теңізі аймағында жұмыс істеп жүргенде Коска шприцтерді қайыра қолданғаннан АИТВ инфекциясы таралуы қаупі туралы мақала оқиды. Медициналық білімі болмағанымен, ол қауіпсіз әрі экономикалық тұрғыдан тиімді бір рет қолданылатын шприц жасауды мақсат етіп, кейінгі бірнеше жылын шприцтердің құрылысын зерттеуге, зауыттарға аралап, пластик өндірісін үйренуге арнайды.
1990 жылдардың ортасында Коска әлемдегі алғашқы өзі бұғатталып қалатын K1 шприцін жасап шығарды. Бұл шприц бір рет қолданғаннан кейін істен шығады да, қайыра қолдануға жарамай қалады. Шприцті қолданыстағы жабдықтармен өндіруге болатындықтан, оны медицина практикасына енгізу жеңіл болды. 2001 жылы UNICEF бұл шприцті иммундау бағдарламаларына қабылдап, содан бері дүниежүзінде соның миллиондаған данасы сатылды.
2005 жылы Коска шприцтерді қайта қолданудың қаупі туралы халықтың хабардарлығын арттыру және қауіпсіз ине салу әдістерін үйретуді мақсат етіп, SafePoint Trust қайырымдылық ұйымын құрды. Бұл ұйым Үндістан, Пәкістан, Малайзия және Индонезия сынды елдерде науқан өткізіп, халыққа шприцтерді қауіпсіз пайдалануды үйретті.
2006 жылы Марк Коска жаһандық денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін Британ империясының орденімен (OBE) марапатталды. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы инновациялары үшін The Tech Awards сыйлығын және әлеуметтік-экономикалық инновациялары үшін The Economist сыйлығын иеленді. 2015 жылы Schwab Foundation Косканы «Жылдың әлеуметтік кәсіпкері» деп таныды.