Google Gemini сервисін қазақ тілінде іске қосып жатыр

18 ақпан, 2026 ~ 1 мин. оқылады
Gemini
Сурет: Tamyr Platform

Google компаниясы Gemini жасанды интеллект моделін қолдауды кеңейтіп, қазақ тілін қосып жатыр. Енді Қазақстандағы қолданушылар AI құралдарын өз тілінде мәтін генерациялауға, ақпарат іздеуге және басқа да тапсырмаларды орындауға қолдана алады. Бұл қазақ тілінде жұмыс істейтін бірінші ЖИ моделі болып отыр.

Қазақ тілі модельдің қазіргі ең озық нұсқасы — Gemini 3 шығару аясында қосылған 23 жаңа тілдің қатарына кірді. Google деректеріне сүйенсек, қолданушылар Gemini мүмкіндіктерін әлемдік ірі тілдермен бірдей деңгейде қатар қолдана алады.  

Қазақ тіліндегі интерфейсті Gemini  веб-нұсқасы арқылы қосуға болады: оны іске қосу үшін қолданушы өз Google аккаунтында қазақ тілін таңдауға тиіс. Таяу арада  Android және iOS жүйелерінде мобайл нұсқасын қолдану мүмкіндігін қосу жоспарланып отыр, сондай-ақ Gemini Live — жасанды интеллектімен шынайы сөйлесу сервисі де қосылмақ.  

AI-модельге қазақ тілі қосылатынын Қазақстанның жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі хабарлап, локализация ары қарай да қазақша сөйлейтін азаматтардың технологияларды барынша кеңірек қолдануына сеп болатынын атап өтті. 

Бұған дейін Tamyr Platfrom порталында Google Орталық Азияда Gemini моделінің тілдерді қолдану мүмкіндігін кеңейтіп отырғанын, яғни жасанды интеллект моделі өзбек тілінде шыққанын жариялаған. Локализацияның арқасында қолданушылар AI құралдарын ұлт тілінде мәтінмен жұмыс істеуге, оқып-үйренуге және күнделікті тапсырмаларды орындауға қолдана алады.