
Netpeak Kazakhstan диджитал-агенттігі мен жаһандық Admixer Media жарнама платформасы қазақстандық үкіметтік емес ұйымдардың Google for Nonprofits бастамасына қосылуына сеп болатын бағдарлама басталғанын хабарлады. Бағдарлама әлеуметтік маңызы бар жобаларды қолдап, ҮЕҰ цифрлық мүмкіндіктерін дамытуды көздейді.
Қатысушылар ай сайын Google Ad Grants арқылы іздеу жарнамасын жариялауға 10 000 долларға дейін грант алуға өтінім бере алады. Сондай-ақ ҮЕҰ команда болып жұмыс істеп, коммуникация жүргізуге арналған Google Workspace for Nonprofits сервистеріне қосыла алады, ал YouTube видеоплатформасы әлеуметтік бастамалырды ілгерілетуге арналған құралдар ұсынбақ.
Ұсынылып отырған құралдар компаниялардың аудитория ауқымын кеңейтіп, жарнама кампанияларының тиімділігін арттырып, жобаларына қосымша қолдау тартуға сеп болмақ. Бағдарлама цифрлық арналарын дамытайын десе бюджеті шектеулі болып отырған үкіметтік емес ұйымдарға айрықша маңызды болмақ.
Google for Nonprofits алпыстан астам елде жұмыс істеп келеді және оның құрамына бейкоммерциялық ұйымдарды қолдауды көздейтін бірнеше бағдарлама, соның ішінде жарнамаға берілетін грнаттар, командаларды басқару құралдары және әлеуметтік видеоконтентті ілгерілетуге арналған шешімдер кіреді. Бағдарлама үнемі кеңейіп, жергілікті нарықтарға бейімделіп отырады, соның арқасында елдердегі ҮЕҰ бұрын тек ірі халықаралық ұйымдардың ғана қолы жетіп келген технологияларды қолдана алатын болады.