Infosys бұрынғы қаржы директоры үнді трущобалары түсірілген видео астында Hotmail негізін қалаушымен сөзге келісіп қалды

2 июня 2025 ~ 2 мин. оқылады
Жаңарған күні: 14 июля 2025

Infosys компаниясының бұрынғы қаржы директоры Мохандас Пай Үндістан ЖІӨ көрсеткіші бойынша Жапонияны басып озды дегенді жоққа шығарған Hotmail негізін қалаушы Сабир Бхатияға қатты сын айтты. Жанжал Бхатияның X әлеуметтік желісінде үнді трущобалары мен лас өзендерді көрсеткен видеосынан басталды.

Мохандас Пай и Сабир Бхатия, коллаж из фотографий
Коллаж: Tamyr Platform

Сабир Бхатия X желісінде көп теріс пікір алып жатса да, Үндістанды жақсы көремін және пирамиданың ең төмен сатысында тұрғандардың өмірін жақсартуға ниетті болған соң пікірімді айта беремін деп түсіндірді. Бұл жолы ол Үндістан экономикасының өсуінен ел азаматтарына нақты пайда бар ма деген күмәнін білдірді:

«ЖІӨ бойынша Жапонияны басып оздық… Тек соны өз қалтаңыздан сезіп отырсыз ба? Кіріс артып, ол жұртқа бөліп таратылмаса — бұл жәй ғана бүркемеленген инфляция».

Бхатия әділетті өсу деген қандай болатыны жөнінде өз көзқарасын жайып салып, халықтың сын тұрғысынан ойлау қабілетін дамытып, білім беруге жасанды интеллектіні қолдану керек деп ұсынды.

Фото: @sabeer
Фото: @sabeer

Оған Мохандас Пай үзілді-кесілді жауап берді:

«Жігітім, сен өзің Үндістаннан баяғыда кетіп қалған экономикалық босқынсың. Сол кеткеннен мол кет, жиіркенішті қоқыс. Үндістанның дамуына сенің еш қатысың жоқ. Сондықтан көп сөйлемей, аузынды жап. Біз Үндістанды дамыта береміз, келешегімізді осында құрамыз. Саған біздің керегіміз жоқ. Сен уытыңды шашып, ғадауат таратып отырсың».

Кейінгі жазбаларында Пай былай деп сөзін жалғады: «Біз қалдық, көп жұмыс істедік, салық төледік, Үндістанды дамыттық. Біз өнеркәсібімізді, келешегімізді дамыта береміз! Үндістан әлі де кедей ел, сонда да өте жылдам дамып келеді. Қазіргі жағдайымыз 20 жыл бұрынғыдан да, 10 жыл бұрынғыдан да, 5 жыл бұрынғыдан да көш ілгері». Бхатия пікірталасты біраз сабырлы үнмен жалғады: «Сіздің туиттеріңізде өшпенділік бар. Ал менің жазбаларымда қисын бар».

Үндістан үкіметінің NITI Aayog талдау орталығының бас директоры Б.В.Р. Субрахманьям 25 мамырда Үндістан ЖІӨ бойынша Жапониядан асып түсіп, 4,187 трлн $ көлеміндегі жалпы ішкі өніммен әлемдегі төртінші экономикаға айналды деп мәлімдеген. Алайда сарапшылардың көбі Үндістанның жан басына шаққандағы ЖІӨ  дамыған елдердікімен салыстырғанда әлі де айтарлықтай артта келеді деп отыр.

Мохандас Пай — үнді кәсіпкері, инвестор әрі меценат, Infosys ІТ алпауытының бұрынғы қаржы директоры ретінде танымал. Infosys-тен кеткеннен кейін Пай венчур инвесторға айналып, денсаулық сақтау, білім беру және технология салаларына инвестиция құятын Aarin Capital қорын құрған.

Сабир Бхатия — үнді-американ кәсіпкер, 1996 жылы іске қосылған әлемдегі алғашқы тегін веб-пошта қызметі — Hotmail негізін қалаушылардың бірі. Hotmail-ді сатып жібергеннен кейін, ол қысқа видеолар арқылы кәсіпкерлерге көмектесетін ShowReel платформасын құрып, кейін оны кәсіпкерлік жөнінде білім беру курсына айналдырған. Бхатия жоғары білім алу үшін Үндістаннан АҚШ-қа көшіп барып, алдымен Калифорния технологиялық институтында, кейін Стэнфорд университетінде оқыған.

Материал жарияланған тұста Сабир Бхатия X желісіндегі жеке блогын жауып қойған.