
National Geographic басылымы халықаралық National Geographic 33 бастамасы аясында қазақ ым-ишара тілін дамытуға арналған SignBridge жобасының негізін қалаушы Нұрзада Амангелдінің еңбегін айрықша атап өтті.
National Geographic 33 — 1888 жылы National Geographic Society негізін қалауға атсалысқан 33 ғалым, зерттеуші және жаңашыл тұлғаның құрметіне құрылған жоба. Бастама ғылымды, технологияны, экология мен әлеуметтік өзгерістердің дамуына нақты үлес қосып жүрген адамдарды танытуға арналған.
National Geographic Qazaqstan басылымы өзінің он жылдығына орай Қазақстанда алғаш рет жергілікті бастама көтеріп, қызметі National Geographic 33 құндылықтарына үндесетін тұлғаларды кеңінен танытуды мақсат етті. Осы бастаманың амбассадоры болып Нұрзада Амангелді таңдалды.
Бұл — мен үшін үлкен мәртебе. Әсіресе National Geographic Qazaqstan Ambassador секілді бастамалардың ғылым, технология және әлеуметтік ықпал тоғысындағы жобалармен айналысып жүрген адамдарға көңіл бөлгені аса маңызды. Сондай-ақ білім беру мен баршаға тең мүмкіндік беретін инклюзив қоғам құруды көздейтін жобалар мен идеяларды қолдап келе жатқан EA Charity fund қорына алғыс айтамын, — дейді Нұрзада Амангелді.

SignBridge жобасы Tamyr Platform акселераторы мен EA Charity fund қорының қолдауымен іске асқан қазақ ым-ишара тілін дамытуға арналған грант бағдарламасын аяқтады. Жоба командасы 3D-аватардың көмегімен автоматты аударма жасау жүйесін жетілдіру бағытында ауқымды жұмыс атқарды.