Patagonia тарихы. Ілмек сатудан басталған кәсіп бизнестің жаңа моделіне қалай көшті?

13 августа 2025 ~ 5 мин. оқылады
Фото: Budrul Chukrut SOPA Images LightRocket via Getty Images
Фото: Budrul Chukrut SOPA Images LightRocket via Getty Images

Patagonia тарихы жалғыз адамнан — альпинист, серфингші әрі табиғат жанашыры Ивон Шуинардан (Yvon Chouinard) бастау алады. 1950 жылдары Шуинар тауға шығуға қажет жабдық жасай бастаған. Осылайша Chouinard Equipment компаниясы құрылып, ол табиғатта белсенді демалуды ұнататындар арасында тез танылды. 1973 жылы осы компания негізінде белсенді демалысқа арналған киім мен жабдық бренді — Patagonia-ның негізі қаланады. Компания күртеше және рюкзак сатумен ғана шектелмей, әуел бастан-ақ белсенді өмір салтын дәріптейтін, табиғатқа ұқыпты қарауға үндейтін өзгеше бағыт ұстанды. 

Patagonia компаниясын құрған Ивон кім?

Ивон Шуинар 1938 жылы АҚШ-тың Мэн штатында канадалық эмигранттар отбасында дүниеге келген. Жас кезінен альпинизм мен серфингке қызыққан ол базар мен дүкеннен өзінің талаптарына сай келетін берік, қарапайым әрі табиғатқа зияны жоқ жабдық таппай қиналады. Осылайша 1957 жылы Ивон ескі көмір ұстаханасын 200 долларға сатып алады да, альпенистерге ауадай қажет ілмекті өз қолымен жасап, басқаларға сата бастайды. Уақыт өте келе кәсібі ұлғайып, бұл қызығушылық Chouinard Equipment компаниясын құруға себеп болды. 1970 жылдары ол АҚШ-та альпинистердің керек-жарағын жасайтын ең ірі кәсіпорынға айналды.

Шуинар бизнесті дәулетін арттырудың жолы деп емес, әлемді өзгертетін құрал ретінде көретін. Мейлінше көп ақша табу деген классикалық капитализм қағидатына бағынудан бас тартөан оның былай дегені бар:

Менің ешқашан бизнесмен болғым келмеген. Ал жабдықты өзіме қажет болғанда жасай бастадым.

Фото: Ben Baker/Redux/laif
Фото: Ben Baker/Redux/laif

Ескі жүйеге түбегейлі қарсы, табиғатты, дербестік пен жауапкершілікті жоғары қоятын бұл философия 1973 жылы құрылған Patagonia компаниясының іргетасына айналды. 

Хоббиден бастау алған жаһандық бренд: Patagonia қалай пайда болды?

Patagonia атауы қайдан шықты?

Patagonia атауын Ивон Шуинар кездейсоқ таңдаған жоқ. Компания атауы адамға әлемнің шетінде жатқан, тұмса да тылсым мекендерді еске салуға тиіс еді. Патагония — Аргентина мен Чилидің оңтүстігіндегі ауа райы жайсыз, мұздығы көп, желі күшті, таулары биік және өркениеттен алыс жатқан аймақ.

Біз адамға таңсық естілетін әрі жұртты саяхатқа қызықтыратын ерекше атау іздедік. Патагония — көпшілікке беймәлім әрі сұлу жер. Бұл атау біздің брендтің болмысын жақсы ашады, — деп түсіндірген еді Шуинар.

Бренд өзін альпинизммен ғана байланыстырғанды құп көрмейді. Сондықтан «Chouinard Equipment» атауы оған тым тар еді. Patagonia табиғат аясындағы белсенді өмірді сүйетін альпинистерден бастап каякерлер мен саяхатшыларға дейін — бәріне қолайлы киім тігетін брендке айналғысы келді. Алғашқы топтамалардағы мығым күртешелерді, флис пен термокиімдерді жасауға альпинистер де қатысып, өнімдер экстремал жағдайда сынақтан өтті. Patagonia сұр және «әскери» жасыл түсті бірсарынды палитрадан бас тартып, Оңтүстік Америка маталарына, Патагония мен Анд аймағындағы дәстүрлі жүн көрпелерге тән табиғи түстерді таңдады.

«Лас» индустриямен күрес

1988 жылы Patagonia алғаш рет өнеркәсіптің зияны туралы ашық айтты. Компания жүргізген ішкі зерттеу дәстүрлі мақта өсіру қоршаған ортаға орасан зиян келтіретінін көрсетті. 1996 жылға қарай компания толықтай химикатсыз өсірілетін органикалық мақтаға көшті. Осылайша Patagonia тауардың өзіндік құны өскеніне қарамастан, зиянды шикізаттан ерікті түрде бас тартып, ірі компаниялар арасында прецедент жасады.

1% for the Planet бағдарламасы. Табысты емес, көмекті көздейтін бизнес

2002 жылы Шуинар Blue Ribbon Flies балық аулау компаниясының иесі, кәсіпкер Крейг Мэтьюзбен бірге 1% for the Planet ұйымын құрды. Оның идеясы қарапайым: әрбір бизнес жылдық айналымының (пайдасының емес!) кем дегенде 1% экологиялық жобаларға бөле алады әрі бөлуге тиіс. Бұл — маркетинг емес, заңды міндеттеме.

Бүгінде 1% for the Planet жобасына әлем бойынша Boxed Water, Honest Tea, Caudalie сияқты брендтерді қосқанда бес мыңнан астам компания қатысады. Patagonia өз уәдесінде тұрып, жыл сайын климаттың өзгеруіне қарсы күресетін, су, ауа, топырақ пен биоалуантүрлілікті қорғайтын ұйымдарға ақша және тауар түрінде 140 миллион долларға дейін қаржы аударады. Бұл ұйымдар қатарында California Trout, Bonefish & Tarpon Trust, Wild Salmon Center, Trout Unlimited, Friends of the Everglades, Native Fish Society, Environmental Defense Center бар.

Worn Wear: затты екінші рет кәдеге жарату

2013 жылы компания Worn Wear жобасын іске қосты. Әуелде бұл киімді жөндеу туралы айтатын блог болса, кейін қайта сату және қалпына келтіру қызметіне айналды. Мақсаты — заттың қызмет ету мерзімін ұзарту, тұтынуды азайту және саналы болуға итермелеу.

Қазір Worn Wear:

Иллюстрация: Patagonia
Иллюстрация: Patagonia

Компания сондай-ақ сырғытпа ілмекті жөндеу, күртеше тігу не флисті микропластик шығармай жуу жолдарын үйрететін бейнероликтер жариялап тұрады. Patagonia сайтында Tenacious Tape жапсырма таспасын қолдану, киімнің тесілген, жыртылған жерін жамау сияқты «Do It Yourself» форматындағы егжей-тегжейлі жүзден астам нұсқаулық бар.

Patagonia көмектесетін қорлар

The Conservation Alliance — жабайы табиғатты қорғау

Patagonia The Conservation Alliance альянсын құрғандардың бірі болды және жыл сайын АҚШ-тағы орманды, өзендерді және табиғи аумақтарды қорғайтын табиғат қорғау ұйымдарын қолдауға шамамен 100 мың доллар бөледі. Альянс 420 755 акр жер мен 82 миль өзенді сақтап қалуға мүмкіндік берген жобаларды қолдады.

Holdfast Collective

2022 жылы Ивон Шуинар Patagonia компаниясындағы акцияларының бәрін Patagonia Purpose Trust трастына және Holdfast Collective қорына тапсырды. Енді компанияның бүкіл таза пайдасы климат дағдарысына қарсы күреске бағытталады. 2024 жылы қор Чилидегі NGO Puelo Patagonia коммерциялық емес ұйымын қолдап, елдің Кочамо өңіріндегі табиғаты нашар 132 995 гектар аумақты сатып алып, сақтап қалуға 4 млн доллар бөлді.

Patagonia Action Works — шешімдер краудсорсингі

2018 жылы Patagonia Action Works платформасын іске қосты. Мақсаты — клиенттерін, қызметкерлерін және жақтастарын жергілікті экологиялық қозғалыстарға тарту. Сайт арқылы grassroots-ұйымдарды (қарапайым адамдардың қоғамдық қозғалыстарға қатысуы) қаржылай, ерікті ретінде, петицияларға қол қойып не түрлі акцияға қатысып қолдауға болады.

Conservación Patagónica — ұлттық парктер

Patagonia ұзақ жыл бойы Conservación Patagónica ұйымының негізін қалаған эколог Кристин және Дуг Томпкинстермен жұмыс істеді. Брендтің табиғатты қорғау жөніндегі ортақ ұстанымы мен қолдауының арқасында Аргентинадағы Монте Леон және Чилидегі Patagonia National Park ұлттық парктері құрылды.

Ғаламшар жолында меншік құқығын беру

2022 жылы Patagonia компаниядағы акцияларының бәрін екі жаңа құрылымға тапсырды:

Шуинар мұны былай түсіндірген:

Менің ешқашан бизнесмен болғым келген жоқ. Мен қолөнерші едім. Тек адамдарға ұнайтын идеяларды ойлап таптым.

Patagonia-ның азаматтық ұстанымы

Patagonia қайырымдылықпен шектелмей, нақты экологиялық дауларға да араласып тұрады. Мысалы:

Иллюстрация: Patagonia
Иллюстрация: Patagonia

Өндірістегі ашықтық, адалдық пен әділдік

Бренд сайтынан өзі қолданатын материалдардың шығу тегі, фабрикалардағы еңбек жағдайы, парниктік газдар шығарындылары, экожүйеге әсері туралы мәлімет табуға болады. 

Компания Fair Trade Certified (тауар адамдар мен қоршаған ортаға қамқорлықпен, яғни этикаға сай өндірілгенін растайтын жүйе) және Bluesign (барлық химикат, бояғыш пен қосалқы материалды бақылайтын жүйе) бағдарламаларымен жұмыс істейді, экологиялық және әлеуметтік стандарттарды сақтайтын серіктестерді таңдайды. Patagonia қателіктерін жасырмайды. Мысалы, 2015 жылғы есебінде компания Тайваньдағы бір фабрикада адам еңбегін қанау қылмысын дер кезінде тоқтата алмағанын ашық жариялаған. Көптеген корпорациядан айырмашылығы сол — Patagonia өз ішінде қандай мәселе бар екенін жасырып қалмай, оны жария түрде шешуге тырысады.

Patagonia-ның табысын арттырған кім?

Шуинар компанияны тікелей басқарудан кеткен соң, Patagonia тізгінін ұстауға оның көзқарасын қолдайтын мынадай басшылар келді:

Patagonia — белсенділер, спортшылар, экологтер, инженерлер мен дизайнерлер кіретін пікірлес адамдар қауымдастығы. Олар сапалы өнім шығару, бизнесті табиғатты қорғау мен әлеуметтік әділетке қызмет ететін құралға айналдыру дейтін ортақ миссия аясында жұмылған. Командада материал мен өндірістегі инновацияларды үнемі іздейтін тұрақты даму саласындағы мамандар, жабдықты сынақтан өткізетін спортшы-сарапшылар, қоршаған ортаны қорғау науқандарын жүргізіп, қоғамдық ұйымдармен байланыс ұстайтын белсенділер мен заңгерлер жұмыс істейді.

Бизнеске осындай жауапкершілікпен қарағаны Patagonia-ны бренд етіп қана қалмай, әлемдік мәдениетке ықпал ете алатын қозғаушы күшке айналдырып отыр.

Patagonia — жай бренд емес, тұтас философия

Компания киім мен белсенді демалысқа арналған жабдық сатумен ғана айналыспайды. Patagonia — тұтынушылармен және әлеммен қарым-қатынасты адалдық, жауапкершілік және тұрақтылық қағидаттарына құратын компания.

Patagonia тарихы әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысу мүмкіндік қана емес, мақсат екенін де айқындайды. Бұл — бизнестің жаңа тілі. Онда ақша — мақсат емес, мақсатқа жеткізетін құрал ғана.