Павел Дуров Қазақстанда AI-зертхана ашпақ

1 желтоқсан, 2025 ~ 1 мин. оқылады
Павел Дуров
Сурет: Tamyr Platform

Telegram негізін қалаушы Павел Дуров Digital Bridge 2025 форумында Астанада жасанды интеллект бойынша жаңа зертхана ашылғанын хабарлады. Зертхана Alem.ai ғимаратында орналасқан — бұл оның елдің технологиялық кеңістігі үшін маңызын айқындайды. 

Дуровтың айтуынша, зертхананың алғашқы жобасы — Telegram мен Қазақстанның Жасанды интеллект министрлігі іске қосқан суперкомпьютер кластері арасындағы бірлескен бастама. Жаңа жүйе адамдарға AI-функцияларды құпия, ашық әрі тиімді түрде қолдануға мүмкіндік бермек. 

Павел сондай-ақ бұл желі үшін есептеу қуатына сеп болатын негізгі орталық дәл осы қазақстандық суперкомпьютер кластері болады деген үмітін білдірді. Блокчейн мен жасанды интеллект үйлесімі арқасында бұл технология орталыққа қарамайтын әрі құпиялық сақтайтын жүйе болмақ. 

Зертхана орналасқан арнаулы Alem.ai орталығы — зерттеулер мен стартаптарға арналған жаһандық платформа ретінде құрылған. Alem.ai басты мақсаты — Қазақстандағы ЖИ шешімдерін шетелге өткізу және технологиялық әрі экономикалық дамудың жаңа толқынын бастау. Келешекте Астана бүкіл Орталық Азия аймағының зияткерлік орталығына айналуы тиіс.