Қазақстанда музейлерге арналған бірыңғай цифрлық платформа іске қосылды

18 ақпан, 2026 ~ 1 мин. оқылады
Ноутбук
Дереккөз: e-museum

Астанада E-museum — Қазақстандағы мемлекеттік музейлердің қорларын біріктіретін бірыңғай цифрлық платформа таныстырылды. Жүйеге елдің 20 өңіріндегі 252 музей қосылған.

Платформаның цифрлық каталогіне 66 мыңнан аса музей экспонаты кірді. Сондай-ақ 750 үшөлшемді үлгі жасалып, Қазақстанның ірі-ірі музейлерінің залдарын аралайтын 15 виртуал тур қосылды.

Музей саласын цифрландыру ұлттық мұраны сақтап-қорғау және оған ел азаматтарының да, халықаралық аудиторияның да қол жеткізу мүмкіндігін арттыруды көздеп жасалып жатыр деп атап өтті мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева. Министрдің сөзінше, жаһандану жағдайында цифрлық шешімдер мәдениет пен тарихи жадты сақтап, жұртқа танытудың маңызды құралына айналмақ.

Қазір Қазақстанның республикалық және өңірлік музейлерінің қорларында 4,5 миллионнан астам бұйым сақтаулы тұр. E-museum іске қосылғаны арқасында музей коллекцияларының көп бөлігін қашықтан көріп, танып, зерттеуге мүмкіндік туады, сөйтіп зерттеушілердің, білім беру мекемелері мен туристердің ел мәдениетіне деген әуестігін арттыруға сеп болады.

Дереккөз: e-museum
Дереккөз: e-museum
Дереккөз: e-museum
Дереккөз: e-museum
Дереккөз: e-museum
Дереккөз: e-museum

Жоба кезең-кезеңімен іске асып жатыр және оған қазақстандық әзірлеме негіз болған. Әзірлеушілердің айтуынша, платформаға жасанды интеллект құралдары кіріктірілген, ал жобаның бір негізгі әсері жұртшылықтың, әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандардың музей коллекцияларына кеңінен қол жеткізу мүмкіндігі болмақ.