Қазақстандық Higgsfield AI дүниежүзінің топ-25 үздік стартапы қатарына енді

1 желтоқсан, 2025 ~ 1 мин. оқылады
Приложение
Сурет: Google Cloud

Қазақстандық Higgsfield AI стартапы Lightspeed венчур қоры GamesBeat, Nasdaq және саланың жетекші сарапшыларымен бірлесіп дайындаған әлемдегі ең инновациялық 25 жоба тізіміне енді. Бұл — Орталық Азиядағы технологиялық компаниялардың халықаралық деңгейде мойындалғаны.

Рейтингке енген жобалардың бәрі бес санатқа бөлінді: 3D технологиялар, генератив ЖИ, ойын студиялары мен қолданушы контенті, интерактив медиа-платформалар және AR/VR саласындағы шешімдер. Higgsfield AI Best Generative AI санатында бірінші орынды иеленіп, жаһандық нарықтағы ең мықты ойыншылардың бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Мұның маңызын Нью-Йорктегі Таймс-сквер алаңындағы алып экранда Higgsfield AI логотипі шыққаны да айқындай түсті.

Фото: Higgsfield AI
Фото: Higgsfield AI

Стартаптың басты жаңалығы — ЖИ арқылы видео генерациялағанда камера қозғалысын басқарудың бірегей жүйесі болды. Бұл технология күрделі кинематографиялық көріністер: динамикалық ұшып өту, панорама, болт-камера және күрт зум эффектілерін жасауға мүмкіндік береді. Бар болғаны бірнеше минутта бұл мүмкіндіктер тіпті жаңа бастағандарға да кәсіби деңгейде видеопродакшн жасауға жол ашады.

Higgsfield AI — мәтін сұраныстар арқылы видео жасайтын генератив видео-ЖИ саласына маманданған қазақстандық компания. Стартап қазірдің өзінде ірі инвестиция тартып үлгерді, оның ішінде Кремний аңғарының Andreessen Horowitz қорынан да қаржы алған. Higgsfield AI — бағасы 1 миллиард доллардан асқан Қазақстандағы алғашқы «сыңармүйіз» стартап атанды.