Әлемдегі ең ықпалды технология компанияларының бірі — NVIDIA және «Қазақтелеком» байланыс операторы Орталық Азиядағы тұңғыш коммерциялық егемен AI-фабрикасы ашылатынын жариялады. Бұл туралы ақпарат NVIDIA әзірлеушілер порталына жарияланды.
AI-фабрика жаңа буын график процессорлар — NVIDIA H200 базасында жұмыс істейді. Жалпы қуаты 56,4 петафлопс (FP16) жүйе ірі дерек көлемін өңдеуге және ірі масштабтағы жасанды интеллект модельдерін жаттықтыруға қолданылады. Оған өнімділігі жоғары жедел есептеу, жылдамдығы жоғары желі инфрақұрылымы, ақауға төзімді дерек сақтау жүйесі және толық ашық NVIDIA AI Enterprise бағдарламалық жасақтама жинағы кіреді.
Платформа Қазақстандағы мемлекеттік мекемелерге, жеке компанияларға, стартаптар мен университеттерге қауіпсіз AI-инфрақұрылымы бар бұлт сервис ретінде ұсынылады. Бұл банк ісі, тау-кен өнеркәсібі, авиация, мұнай–газ және құрылыс сынды экономиканың негізгі салаларына есептеу қуатына кеңінен қол жеткізуге мүмкіндік береді.
«Біз Қазақстанның цифрлық егемендігінің негізіне айналатын жаңа буын платформасын жасап жатырмыз. NVIDIA-мен серіктестігіміз арқылы мемлекеттік және жеке секторға AI базасында өз шешімдерін құратын құралдар ұсынып, жергілікті экспертизаны дамытып, ұлттық инновацияларға түрткі болуды көздеп отырмыз», — деді «Қазақтелеком» басқарма төрағасы Багдат Мусин.
Жоба 2025 жылғы жазда іске қосылады деп жоспарланып отыр.