
Tamyr Education Forum 2026 форумының негізгі бөлігі үш интерактивті практикалық сессиялардан тұрады. Олар сағат 12:00-ден 14:30-ға дейін қатар өтіп, Қазақстандағы өңірлік мектептердің өзекті мәселелері тақырыбына арналады.
Әр сессия практикум форматында өтеді. Мұнда спикерлер мен тыңдаушылар арасында дәстүрлі бөлініс болмайды, яғни қатысушылар нақты мәселелерді бірлесіп талдап, тәжірибе алмаса отырып, оларды шешуге көмектесетін нақты қадамдарды әзірлейді.
Үш залда қарастырылатын мәселелер көп жағдайда ортақ болғанымен, әр топ оларға өз тұрғысынан, мысалы, сабақ бағдарламасын оқушылардың қажеттіліктеріне бейімдейтін педагогтің, ортақ талаптармен және оларды жүзеге асыру жағдайларымен жұмыс істейтін басқарушының немесе мектептерге арналған білім беру бастамаларын жүзеге асыратын ҮЕҰ өкілінің көзқарасы тұрғысынан қарайды.
Қатысушылар өздері қызығушылық танытқан тақырыпты таңдап, тиісті сессияға қатыса алады.
Сонымен қатар таңдалған бағыт бойынша кәсіби маман болу міндетті емес. Практикумдарға мұғалімдер мен мектеп директорлары, мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдары мен бағдарламаларының өкілдері, ҮЕҰ және бизнес өкілдері, оқушылардың ата-аналары, тәуелсіз сарапшылар, сондай-ақ мектеп білімін дамытуға қызығушылық танытқан кез келген адам қатыса алады. Әр қатысушының өз рөлі және талқылауға үлес қосу мүмкіндігі болады.
1-зал. « Бір бағдарлама — әртүрлі мүмкіндіктер: оқу бағдарламасын бейімдеу және қолдаушы мектеп ортасын қалыптастыру»
Модератор — Ескендір Бестай.
Бірінші сессияның негізгі тақырыбы мұғалімнің рөлі және жалпы оқу бағдарламасын оқушылардың әртүрлі қабілеттері мен қажеттіліктеріне қалай бейімдеуге болатыны жайлы.
Бұл сессияға өңірлер мен ірі қалалардағы мектептердің мұғалімдері, директорлар мен оқу ісі жөніндегі директор орынбасарлары, ата-аналар және тәуелсіз сарапшылар үшін қатысу әсіресе пайдалы болады.
Топ жалпы бағдарлама аясында дайындық деңгейі мен білім беру қажеттіліктері әртүрлі оқушылармен қалай жұмыс істеуге болатынын талқылайды. Талқылаудың жеке бір бөлігі инклюзияға және әртүрлі балалардың білім беру үдерісіне толыққанды қатыса алатын мектеп ортасын қалай қалыптастыруға болатынына арналады.
Бұл ретте мұғалімнің міндеттері оның жұмыс істейтін нақты жағдайларын ескере отырып қарастырылады. Жұмыс жүктемесі жоғары болған жағдайда сабақты нақты бір оқушының қажеттілігіне қалай бейімдеуге болады? Егер педагогке әдістемелік білім немесе тәжірибе жетіспесе, ал қосымша оқытуға оның уақыт пен ресурсы болмаса, не істеуге болады?
Қатысушылар осы міндеттерді орындауда мұғалімдерге көмектесетін практикалық қадамдарды бірлесіп тұжырымдауға тырысып көреді.
2-зал. « Сандар мен адамдар: бірыңғай стандарттарды әртүрлі білім беру жағдайларына қалай бейімдеуге болады?»
Модератор — Руслан Каратабанов.
Екінші залда ортақ білім беру стандарттарының өңірлік мектептердің нақты жұмыс жағдайларын қалай ескере алатынына назар аударылады.
Бұл сессияға мектеп директорларын, білім басқармалары мен бөлімдерінің өкілдерін, яғни шешім қабылдау үдерісіне қатысатын негізгі тараптарды күтеміз. Сонымен қатар бұл тақырыпқа қызығушылық танытатын кез келген адамды осы сессияға қатысуға шақырамыз.
Бір жағынан, қатысушылар білім беру бағдарламаларын, критерийлер мен мұғалімдердің жұмысына қойылатын талаптарды әзірлеу кезінде мектептер арасындағы айырмашылықтарды қалай ескеруге болатынын қарастырады. Өңірлік мектептерде ұжымдық, қаржылық, инфрақұрылымдық және әдістемелік ресурстар жетіспеуі мүмкін, дегенмен олар бірыңғай білім беру стандарттары аясында жұмыс істейді.
Екінші жағынан, осы жиналған топ мектеп директорының рөлін талқылайды: білім беру мақсаттарын сақтай отырып, мектеп әкімшілігінің ортақ талаптарды өз мектебінің қажеттіліктері мен жағдайларына бейімдеу үшін қандай мүмкіндіктері бар?
Сессияның практикалық міндеті — бұл ортақ көрсеткіштер мен талаптарды мектептердің, педагогтер мен оқушылардың нақты мүмкіндіктерімен үйлестіруге көмектесетін шешімдерді бірлесіп іздеу.
3-зал. «Практикалық серіктестік: мектептердің нақты қажеттіліктеріне сай білім беру бастамаларын әзірлеу»
Модератор — Құралай Жарқымбаева.
Үшінші сессия ҮЕҰ мен бизнес ұсынатын білім беру бастамаларының өңірлік мектептердің нақты қажеттіліктеріне қалай барынша сәйкес келетінін талқылауға арналады.
Бұл залдағы жұмысқа ҮЕҰ мен бизнес өкілдерін, мектеп директорларын, тәуелсіз сарапшыларды, сондай-ақ ұйым атынан немесе жеке өз бетінше әрекет ететініне қарамастан, мектептерге қолдау көрсеткісі келетін барлық азаматтарды шақырамыз.
Қатысушылар білім беру бастамасын әзірлеу кезеңінің өзінде ұйымдық және әкімшілік келісу үдерістерін қалай ескеруге болатынын және жақсы идеяларды мектеп ішінде жүзеге асырудың неге әрдайым оңай бола бермейтінін талқылайды.
Сондай-ақ тараптардың өзара күтулеріне ерекше назар аударылады: ынтымақтастық асыра қойылған немесе бір-біріне сәйкес келмейтін күтулерге негізделмеуі үшін мектептер, ҮЕҰ және бизнес бір-бірінің мүмкіндіктері мен шектеулерін алдын ала қалай түсіне алады?
Практикумдар аяқталғаннан кейін не болады?
Қатар өтетін үш сессия аяқталған соң, қатысушылар қайтадан үлкен залға жиналады.
Форум модераторы әрі Teach for Qazaqstan директоры Гүлнара Салмен үш топтың жұмыс нәтижелерін біріктіріп, ортақ көріністі қалыптастырады.
Қорытындылар үш тараптың көзқарасы тұрғысынан қарастырылады:
мұғалімдер тұрғысынан — оқу бағдарламасын бейімдеу, оқушылардың жеке қажеттіліктері және педагогтердің жұмыс жүктемесі;
мектеп директорлары мен мемлекеттік органдар өкілдерінің тұрғысынан — ортақ стандарттармен жұмыс істеу және педагогтерді қолдауға қажетті жағдайлар жасау;
ҮЕҰ мен бизнес тұрғысынан — мектептермен өзара әрекеттесу және өңірлердің нақты қажеттіліктеріне жауап беретін бастамаларды әзірлеу.
Осылайша үш практикумның нәтижелері біртұтас көрініске бірігеді: білім беру жүйесінің әртүрлі қатысушылары өңірлік мектептердің қандай мәселелерін көретіні және олардың әрқайсысы өз тарапынан қандай практикалық қадамдар ұсына алатыны айқындалады.
Интерактивті сессиялардың басты міндеті — бұл бар мәселелерді талқылап қана қоймай, форумнан кейін әрі қарай дамытуға болатын нақты шешімдерді бірлесіп әзірлеу.