
Астанадағы ORLEU трениң даму орталығы Tamyr Platform қолдауымен зиятында ауытқуы бар балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы кабинеттер жабдықтады. ORLEU жобасы акселератордың алғашқы легінде жеңімпаз атанған бастамалардың қатарына кіреді.
Орталықтың негізін қалаушы Айжан Минджасарова бастаған команда би залына арналған айналар, пианино, колонка мен микрофондар, бейнекамера, муфель пеші, қыш шарықтары, асүй комбайны және басқа да жабдықтар сатып алды. Бұл құрал-жабдықтар би залы, қыш шеберханасы, әлеуметтік-тұрмыстық дағдылар бөлмесі және робототехника кабинетін жабдықтауға арналды.






Грантты іске асырудың бір бағыты қызметкерлердің білігін арттыру болды. Трениң орталығының екі оқытушысы ABA-терапия (Applied Behavior Analysis – қолданбалы мінез-құлық талдауы) әдісі бойынша оқу өтіп, сертификат алды. Бұл – мінез-құлық психологиясының қағидаттарына сүйенетін, ғылыми негізделген мінез-құлық түзету әдісі.
Сонымен қатар орталық ата-аналарға арналған білім беру курстарының бейнесабақ орналастырылатын сайт әзірлеп жатыр. Бұл курстар ерекше қажеті бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға арналмақ.
EA Charity fund қоры ұйымдастырған Tamyr Platform 2025 акселераторының жеңімпазы атанған жобалар саны – он. Бұған дейін Tamyr Platform акселерация қалай өткенін және 26 қатысушының қайсысы грант алғанын да жариялаған болатын.