Tamyr Platform әлеуметтік кәсіпкерлерге арналған акселераторын Алматыда, Go Viral жобасы аясындағы GoNight кешкі кездесуінде жұрт назарына ұсынды. Кездесуде спикерлер әлеуметтік жауапкершілік ұстанымдарын, халықаралық ҮЕҰ тәжірибесін, бизнестің миссиясы мен жергілікті бастамалардың күшін талқылады.
27 маусымда Almaty Creative алаңында өткен іс-шарада EA Charity Fund және Tamyr Platform жоба менеджері Дастан Аққожа сөз сөйлеп, әлеуметтік бизнеске арналған акселераторды таныстырды, әлеуметтік кәсіпкер Айгерим Джаналинова миссиясы бар стартаптар жасау және халықаралық коллаборация құру тәжірибесін айтты, ал режиссер Алмаз Кособаев шығармашылық пен бизнесті ұштастыра біріктіру туралы ойларын ортаға салды.
Дастан Аққожа қайырымдылық мәнін қайта түйсініп, атаулы көмек беруден әлеуметтік кәсіпкерлерге жүйелі қолдау көрсетуге өту туралы айтты:
Бір нәрсені түсінбей жүргенмін: адам осы іс-шараға келді, енді оның өмірі қалай өзгерді? Белгісіз. Айталық, мектеп салып бергеннен кейін ары қарай не болғанын білмейміз. Онда балалар оқып жатыр ма? Әйтпесе, бәлкім, мектеп демографиялық дағдарыс көріп отырған ауылда салынған шығар.
Қор командасы жаңа тәсілдер іздей жүріп, Колорадо штатындағы Гейтс әулеті қорының моделінен шабыт алған екен:
Гейтс әулетінің қоры деп аталатын тамаша бір ұйымды ұзақ зерттедік. Олардың басты қисыны – Колорадо штаты. Олар дүниедегі адам біткеннің, әйел біткеннің, мүгедек жандардың бәрінің өмірін жақсартып, өзгертеміз демейді. Олар жай ғана Колорадо штаты тұрғындарының өмірін жақсартсақ дейді. Сол үшін жергілікті бизнесті қолдамақ, жергілікті кәсіпкерлер мен бастамаларды қолдамақ.
Дастанның айтуынша, дәл осы – жергілікті қауымдармен істес болып, сыртқы күн тәртібін таңбау – идеясы жаңа бағдарламаның іргесіне өрілген:
Біздің миссия – түптеп келгенде жергілікті қауымдарды өзгерту. Тек ол үшін достарымызға барып, «Сенің ауылыңда кітапхана ашсақ керемет болар еді, шығынын біз көтереміз» демейміз. Өйткені ол ауылға кітапхана керек пе, оған жұрт бара ма деген мәселе бар.
Tamyr Platform Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан шыққан әлеуметтік кәсіпкерлерге арналған акселераторын іске қосқанын жариялады. Күзде іріктеп алынған 20–25 қатысушы оқыту-үйрету бағдарламасын өтіп, менторлардан қолдау алып, жобаларын іске асыруға 5–10 млн теңге грант ұтып алу мүмкіндігіне ие болады.
Көздеген аудиториямызды ауыстырып, әлеуметтік кәсіпкерлерге не әлеуметтік астары бар бизнеске бет бұрайық деп ұйғардық. Төңірегімізде қаншама адам бар екен… Айталық, тұрмыс химиясын шығаратын бір әйелмен таныстық, қызметкерлері – тергеу изоляторында отырғандар екен… Изоляторда отырып жұмыс істей береді, еңбек өтілі жүреді, ол жақтан шыққан соң да қоғамға араласып кете алады. Ол туралы аз айтылады ғой.
Go Viral жобасы 2017 жылдан бері өтіп келеді және түрлі – бизнес, технология, медиа мен инновация сынды салалар өкілдерінің басын қосып отыр. Бұл – бүкіл Орталық Азиядағы ынтымақтастық пен диалогқа серпін беріп отырған аймақтық платформа. 2024 жылдан бері жобаны іске асыру жұмысын Қазақстандағы АҚШ дипломатиялық миссиясының қаржылай қолдауымен IDEA Орталық Азия ұйымы үйлестіріп отыр. Олардың басты назар аударатыны – аймақтық келешегі үшін адамдардың басын қосып, идеялар мен күш-жігерді біріктіре ұштастыру.