
Tamyr Platform акселераторының финалисі Нұрзада Амангелдінің әлеуметтік маңызы бар SignBridge жобасы Tatler Impact Awards сыйлығының «Инновация» номинациясында жеңімпаз атанды. Марапат Қазақстанда алғаш рет өткен, технология қолданып, қоғамға ықпал етіп, пайда келтіретін бастамаларға арналған Tatler Impact Ball аясында табысталды.
SignBridge жобасы – есту қабілеті бұзылған адамдардың тіл кедергілерін жоюды көздейтін AI-платформа. Осы шешім мәтін және мультимедиа ақпаратты 3D-аватар көмегімен ым-ишара тіліне аударуға мүмкіндік береді. Жоба қазақ тіліне бағытталған әрі басқа тілдерге бейімделе алады.
Марапатты Нұрзаданың серіктесі Назерке Ғазизова қабылдап алды.


Жобаның негізін қалаушы Нұрзада Амангелді – Астанадағы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, жасанды интеллект кафедрасының зерттеушісі. SignBridge жобасы машинаны үйрету және компьютер графикасы технологияларын қолданып жасалған және құлағының мүкісі бар адамдардың цифрлық сервистерге қол жеткізу мүмкіндігін арттыруды көздейді.
Tatler Impact Awards – елдегі өлшеуге келетін әлеуметтік ықпалы бар көшбасшылар мен жобаларды алғаш рет атап өткен Tatler Kazakhstan жаңа форматының бір бөлшегі. Сыйлық Tatler Impact Ball — бизнес, мәдениет, технология және әлеуметтік бастамалар өкілдерінің басын қосқан қайырымдылық жобасы аясында табысталды.