Алматыдағы Künde кафесі – жанға жайлы орын мен дәмді тамақ беретін жер ғана емес. Басты ерекшелігі – онда менталдық ерекшеліктері бар адамдар жұмыс істейді. Кафенің негізін қалаушы Мәулен Ахметов онкологияға шалдыққан адамдарға қаражат жинап, волонтерлік пен фандрайзиңнен бастаған. Бизнес мен инклюзияны бір бизнес аясында тоғыстыру деген идеяны жұрттың көбі утопия дегенімен, қазір Künde – Қазақстандағы ең көзге түсетін әлеуметтік жобалардың бірі болып отыр.
Мәуленмен әңгімелесіп, маркетолог ұстамай осындай жобаны қалай дамытуға болатынын, кафе қонақтары инклюзив командаға қалай қарайтынын және бюджетің жоқ, миссияң барда қандай құралдар тиімді болатынын сұрап білдік.
Әуелде Künde кафесінің мүлде маркетиң стратегиясы болмаған. Тіпті менталдық ерекшеліктері бар адамдар жұмыс істейтін кафе идеясының өзіне айналадағы адамдар скепсис білдіре қарайтын.
Жұрт бізге «бұларыңнан түк шықпайды» дейтін. Ондай қызметкерлер тапсырыстарды шатастырып, кофе төгіп алып, долданып, жанжал шығарып, кафенің берекесін кетіреді дейтін.
Команда жобаның әлеуметтік құрамдасына айрықша назар аудармаймыз деп ұйғарады. Кәдімгі қаладағы көп кафенің бірі болып ашылып, онда нақты кім-кім жұмыс істейтіні айтылған жоқ. Мұндай ұстаным әдейі, ерекшелігі бар адамдарды бөлектеп көрсетпей, оларға ен салып, таңба баспасаң, инклюзия тиімдірек жүреді деген идеяға сүйеніп таңдалды.
Өзге кафелермен басқа – өнім мен сервис сапасы жағынан бәсекелесеміз деп ұйғардық. Кафенің өзіне мұнда мүгедектігі бар адамдар жұмыс істейді деп жазған жоқпыз. Бар ойымыз – қонақтар келсін, көрсін, ұнаса қайтып келер дедік.
Сөйте тұра жоба туралы қоғамдық алаңда көп айтылып жүрді: команда өз идеясы туралы әлеуметтік желілерде айтатын, краудфандиңге қатысатын, видеороликтер түсіріп, мақалалар жарияланып жататын. Алайда адам кафеге жай ғана кездейсоқ қонақ болып кіре қалса, бұл бір «ерекше» жер екенін көрсететін ештеңе болмайтын. Команданың ойынша, мәні де сол болған: «кәдімгі» адамдар мен «ерекше» адамдарды бөліп-жармай, жұдырықтай жұмылып жұмыс істесек деген.
Қызметкерлеріміздің көбінің мүгедектігі көзге көрінбейді: сырттан қарап ештеңе айта алмайсың. Жұрт тіпті байқамай да қалуы мүмкін.
Алайда бірнеше жыл өте жобаның мақсаты – жұрттың қабылдауын өзгертіп, инклюзияны ілгерілету болса, ол туралы айта беру керек екені анық болды. Сол кезде стратегия өзгерді. Команда Künde кафесінің жұмысы мен миссиясы туралы айта бастады.
Ешқашан ол туралы «қараңдар, біз оларды жұмысқа алдық, не деген жақсы адамбыз» деген позиция тұрғысынан айтқымыз келмеген. Қай кезде де айтарымыз: бұл – біздің командамыз, бірлесіп іс жасап жүрміз.
Негізгі коммуникация құралдарының бірі – Instagram болды. Сол желіде Künde екі күнде Абылай хан даңғылындағы кафені ашуға жеті миллион теңге жинады. Оған да бір жағдай себеп болды: инвестор аяқ астынан жобадан бас тартып, сырт айналып кетті. Мәулен оқырмандарына қарата видео жазып еді, аудиториясы бірден үн қатты.
Видео жұртқа өтті, тез таралып кетті, көп – 200, 300, бәлкім тіпті 400 мың адам көрді. Содан кейін сол жақтан ақша да келді, инвестор да келді, жақсы достар да келді.
Команда ақылы жарнамаға мүлде дерлік жүгінбейді.
Бір-екі рет таргет қосып көріп едік, өндіре алмадық. Ары кетсе 100 долларға қостық. Одан аса нәтиже болған жоқ. Бәлкім, соны тиімді, нәтижелі қылып істейтін маман таба алмаған шығармыз.
Оның есесіне кафенің танымалдығын адамдар – достар, таныстар, ниеттестер арттырып отыр. Блогерлер мен серіктестіктер де соған жатады.
Құрылымын жасаған жоқпыз, жай ғана, блогер болып кеткен достарым бірдеңе түсіріп, салып жүреді. Оның әсері күшті.
Жарнама агенттіктерімен (Citix, JAS Agency SMM-агенттігі) және өзге кәсіби командалармен ынтымақтастық жобаның дамуындағы маңызды кезең болды. Олардың бәрі кафені тегін қолдап, едәуір орнықты коммуникация стратегиясын қалыптастыруға экспертизасы мен ресурстарын ұсынды.
Біз өзіміз сенетін, күшті жобалар жасап жүрген адамдарға хат жазамыз. Көбіне Instagram арқылы жазамын, қоңырау шаламын. Және көбіне мықты мамандар мен компаниялар жауап беріп жатады.
Мәуленнің айтуынша, өз-өзіне сенімді, ірі брендтер көбінесе хабараласудан қашпайды, тәжірибесін пайдалы іске жұмсаудан тартынбайды. Жобаны ілгерілетудің тағы бір маңызды бөлігі – микроинфлюенсерлер мен студенттер қауымдары болды. Атап айтқандай, Назарбаев Университетінде волонтер жастар танымал студенттермен коллаб жасап, видео түсіріп жүрген. Мәулен соны оң тәжірибе, шынымен әсерлі формат болды дейді.
Әлеуметтік желілерді өзім жүргізіп отырмын: мәтін жазамын, сторис саламын. Бюджет жоқ. Біраз бейберекет, түйсігіме сүйеніп істеп жүрмін. Әзірге барымыз сол, — дейді Мәулен.
Айқын стратегиясы болмаса да, Künde ілгерілету жоспарының бір маңызды сипаты бар – шынайылық. Жоба өз миссиясын «сатып жүрген» жоқ, ол миссия – оның өмірінің өзегі. Аудиторияға да сонысымен сүйкімді болып отыр.
Кофеханалар ашылғалы Künde арқылы 50 адам оқып-үйреніп, оңалып, жұмыс істеген. Командада Даун синромы бар, құлағы мен тілінде мүкісі бар адамдар, сал ауруына шалдыққан, арбаға таңылған жандар бар. Қазір Астанада мүгедектігі бар 22 адам, Алматыда – 9 адам еңбек етіп жүр. Жалпы қызметкер саны – 40 адам.
Künde кафесі – Алматыдағы инклюзив әлеуметтік кафе. Тиімді альтруизм қағидаттарына сүйеніп, кафе орнықты бизнесті әлеуметтік миссиямен ұштастырып отыр. Жоба менталдық ауытқулары бар ересек адамдарға жұмыс тауып, сенімін арттырып, қоғамның тең құқылы мүшесі болуға мүмкіндік беріп отыр.
Сондай-ақ таяуда Алматыдағы Atakent Mall сауда орталығының фудкортында үшінші кофехана ашылмақ. Онда мүгедектер арбасымен жүретін қызметкерлер мен қонақтарға қолайлы жағдай жасалады.